Өскеменде жолақы төңірегіндегі дау басылмай тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскеменде жолақы төңірегіндегі дау басылмай тұр

17.04.2014
Өскеменде жолақы төңірегіндегі дау басылмай тұр
Өскеменде қоғамдық көлікте жүру билетінің бағасы төңірегіндегі дау-дамай басылар емес. Қазір билет құны - 60 теңге. Алайда жолаушы тасымалдаушылар тарифты 80-85 теңгеге дейін көтермекші. Олар осы туралы өтініштерін жергілікті билік өкілдеріне өткен жылдың соңында жазған.
 
Қалалық әкімдікте арнайы жұмыс тобы құрылып, мәселені қарауға кірісті. Бірақ, әлі күнге дейін қандай шешімге келгендерін айтқан жоқ. Олардың жауабын күтуден жалықтық деген қоғамдық көлік иелері соңғы екі-үш күннен бері қыр көрсетіп, қала көшелеріне автобустарының бір бөлігін шығармай қойды.
 
Нәтижесінде, мыңдаған қала тұрғыны аялдамада автобусты ұзақ күтіп тұруға мәжбүр. Көлік келгеннің өзінде, халық кептеліп, барар жерлеріне әзер жетеді. Жақын арада қоғамдық көліктегі тариф мәселесі қалалық мәслихаттың сессиясында талқыланады.
 
Евгений Клейн, автопарк директорының орынбасары:
Жағдай қиындап кетті. Ай сайын қызметкерлеріміздің 15-20 пайызы жұмыстан кетіп қалады, себебі жалақылары төмен. Бізге, бәрі, жанармай бағасы көтерілген жоқ қой, деп айтады. Онымен келісемін, техникаға одан да басқа көп нәрсе керек. Қосалқы бөлшектер, доңғалақ, аккумулятор дегендей. Билет құнын көтермесек, біз мүлде тұрып қаламыз. 
 
Жандос Байырханов, Өскемен қалалық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы:
Екі автопаркте жағдай расында да қиындау. Қысқы маусымнан соң техниканың көбі жөндеуді талап етеді. Жақын арада қандай бағыттардағы автобустар жазғы кестеге көшетінін белгілейміз. Жолаушы тасымалымен айналысатын компания басшыларының тарифті көтеру жөніндегі өтініші бойынша арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр.
 
 
Берік КӨШЕРБАЕВ

Хабарламаларға жазылу