Он жетісінде от кешкен Мінайдар Боранбаев - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Он жетісінде от кешкен Мінайдар Боранбаев

15.04.2014
Он жетісінде от кешкен Мінайдар Боранбаев
Мұрағат - тарих айнасы. Соғыс жылдарынан сыр шертетін құнды жәдігерлер қазір осы мұрағаттардың қорында. Онда солдаттардың майдан даласында тұтынған бұйымдары, сарғайған суреттері, тіпті туған-туысы мен жан жарына жазған хаттарының түпнұсқалары бар.
 
Астаналық ардагер Мінайдар Боранбаевтың да майдандағы өмірінен сыр шертетін бірқатар дүниелер қазір Астана қаласындағы Мемлекеттік мұрағатта сақтаулы тұр.
 
Мінайдар ақсақалдың жылдағы әдеті осы. Жеңіс күніне бір ай бұрын дайындалады. 17 жасында өзі сұранып соғысқа аттанған ол екінші Беларусь майданында болыпты.
 
Соғыстың соңғы жылдарында жауды өкшелей қуып, Германияның Бреслау, Гаркау, Дрезден қалаларына дейін барады. Росток порты арқылы ағылшындарға қашпақ болған неміс солдаттарының жолын кеседі.
 
Мінайдар Боранбаев, соғыс ардагері:
Кірген үйіне қарай мен де кірдім. Ол кезде бізде перде деген болмайды. Перде қимылдады. Автоматыммен пердесін түріп қарағанымда, екеуі жейдешең отыр екен. Автоматы да бар, пистолеті де бар. Штабқа алып келдік. Соны қолға түсіргенім үшін медальға ұсынды.
 
Қария жыл сайын Астанадағы қалалық мұрағатқа міндетті түрде бір рет келіп кететіні бар. Өйткені мұнда қарулас достарын еске түсіретін құнды дүниелер сақталған.
 
Мінайдар Боранбаев, соғыс ардагері:
Бір жерге келгенде тынышталады. Тынышталысымен жер қазуың керек дейді.  Бұл күректің кереметі - адамның жанын алып қалуға септігін тигізетін құрал.
 
Мінайдар Боранбаев майданда І санаттағы радист-байланысшы болды. Мынау сол өзі басқарған дивизиялық радиостанциясының радистері. Қарулас достарына деген сағынышын суретке қарап басады.
 
Шынар Асанқызы, тілші:
Астана қалалық мемлекеттік мұрағатында соғыс жылдарынан қалған мынау тәрізді 3 мыңға жуық құнды жәдігер бар. Мәселен оқ тиген мына ыдыстың жетпіс жылға жуық тарихы бар екен. Ал, су ішетін мына бөтелкенің біздің кейіпкеріміз үшін орны ерекше. Өйткені бұл оның майдан даласындағы қасынан тастамайтын серігіне айналған екен. Мінайдар ата бірер жыл бұрын мұны өз қолымен мұрағатқа әкеп тапсырыпты.
 
Шынар Шахзадина, Астана қаласы Мемлекеттік мұрағатының қызметкері:
Атамыздың 10 шақты құжаты бар. Олардың арасында майдан даласында түскен суреттерінің түпнұсқасы, ордендерінің куәліктері, газет қиындылары және Президентіміздің Жеңіс күніне орай жіберген құттықтау хаты сақталған.
 
Қостанайдан майдан даласына Мінайдармен бірге бес жүз жігіт аттанса, соның тек 38-і ғана елге аман оралыпты. «Біз соғысқа батыр болайын деп барған жоқпын» дейді ардагер. Бірақ, еліне, туған жеріне деген шексіз махаббаты оны батыр етіп шығарды.
 
 
Шынар АСАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу