Қызылордада 36 сарбаз уланып қалды (толығырақ) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада 36 сарбаз уланып қалды (толығырақ)

14.04.2014
Қызылордада 36 сарбаз уланып қалды (толығырақ)
Қызылордадағы 55/47 ішкі әскер бөлімінде оқыс оқиға болды. Әскери борышын өтеп жүрген 36 сарбаз  уланып, ауыр жағдайда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды.
 
Дене қызуының көтерілуі, бас айналу, жүрек айну, әлсіздік белгілері бар азаматтардың алғашқы легі емдеу орнына кеше таңғы 10-дар шамасында келген. Түнге дейін олардың саны 32-ге жетті. Ал, бүгін таңертең тағы төрт сарбаз аурухана төсегіне таңылды.
 
Қарағандылық Өмірзақ Абылай - жағдайы нашарлап, ауыр халде ауруханаға жатқызылған сарбаздың бірі. Алдымен оның басы айналып, жүрегі айныған. Кейін дене қызуы көтеріліп, әбден әлсіреген. Науқастың айтуынша, бас-аяғы бірнеше сағаттың ішінде сарбаздарды әбігерге салған дерттің себебі - ауызсуда.
 
Өмірзақ Абылай, сарбаз:
Кешке бөлімге келген соң су ішкенбіз. Содан барлығы ауыра бастады. Судан иіс шыққандай болған.
 
Мұны әскери бөлім басшылығы да растады.
 
Евгений Пак, 55/47 ішкі әскер бөлімі командирінің орынбасары:
7,8 және 10-сәуір аралығында су болмады. Осыған байланысты медициналық қызмет басшысы суды жинап, 8-сәуір күні облыстық Ішкі істер департаментінің санитарлық-эпидемиологиялық қызметіне судың он сынамасын тапсырдық. Бүгін нәтижесі дайын болды, ресми хаттаманы алдық. Соған сәйкес, он сынаманың тоғызынан бактерия анықталды. Яғни, инфекцияның көзі - суда.
 
Дәрігерлер сырқаттанған сарбаздарды әзірге этиологиясы белгісіз гастроэнтероколит диагнозы бойынша емдеуде.
 
Қаракөз Балабекова, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері:
Бүгінгі таңда бірінші кезекте түскен науқастардың жағдайлары орташа деуге болады. Кейінгі, таң ата түскен науқастарда әлі де  дене қызуы бар. Бұл аурудың өту ағымы адамның ағзасына, иммунитетіне байланысты.
 
Жергілікті билік аурудың судан тарағанын жоққа шығарып отыр. Әскери бөлім Қызылжармаауылдық округінде орналасқан. «6 мыңнан аса халқы бар ауылдағы ахуал бірқалыпты. Тұрғындар тарапынан шағым жоқ», дейді олар.
 
Кеселдің қоздырғышын анықтау үшін оқиға орнында эпидемиологтар мен әскери прокуратура, басқа да жауапты сала мамандары тексеру жүргізуде. Тиісті сынама алынды. Оның нәтижесі ертең бегілі болады.  
 
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу