Браконьерлікпен күрес күшейеді - Бақтықожа Ізмұхамбетов - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Браконьерлікпен күрес күшейеді - Бақтықожа Ізмұхамбетов

11.04.2014
Браконьерлікпен күрес күшейеді - Бақтықожа Ізмұхамбетов
Атыраудағы  балық аулаумен күрес көңіл көншітпейді. Мұны облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовбалық қорын қорғауға және браконьерлікпен күресуге мүдделі мемлекеттік орган басшыларымен өткізген жиында айтты.
 
Бір ғана мысал, «Бекіре-2014» іс-шарасы басталғалы 10 күн өтті. Осы кезде 8 тоннадан астам балық тәркіленіп, 100-ге жуық адам заңсыз балық аулағаны үшін ұсталды.
 
Жиынға Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы да қатысты. Ол өңірдегі қалыптасқан ахуалмен таныстырды. Браконьерлердің көп екенін де жасырмады. Шынын айту керек, өңірде  заңға бағынбай, балықты қысы-жазы аулаумен айналысатын ауылдар бар.
 
Олардың қатары көп болғаны сондай, кей кездері балық қорғау инспекторларының да күші жетпейді. Енді жағдай өзгереді. Бірлескен рейдтер жиі өткізіледі. Оған шекарашылар қосылады. Әуеден де бақылау жүргізіледі.
 
Қанат Мұсапарбеков, ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы: 
Браконьер болады деген жерлерге негізгі күштерді жібердік.  Ішкі істер министрлігінен 500-ден астам қызметкерлер тартылды.
 
Облыс әкімі құқық қорғау қызметкерлерінің өздері де браконьерлермен күресуге кедергі келтіріп отырғанын атап өтті. Себебі, араларында қызметтік лауазымын пайдаланып, олардың заңсыз әрекеттеріне қолдау көрсететіндер бар екені жасырын емес.
 
Бақтықожа Ізмұхамбетов, облыс әкімі: 
Ұрланған балықтарды тиеген көлікті балық инспекциясының өкілі өткізіп жібереді. Одан кейін не айтуға болады?! Біздің жұмысымызың көрінісі осылай. Оларды  алты ай, бір жыл сайын ауыстыра бергеннен не өзгеріс болады? Сондықтан, барлығымыз жүйелі түрде, бірігіп жұмыс істеуіміз керек.
 
Аймақ басшысының тағы бір сынға алғаны, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының жұмысы. Мұндағылар өздерін қожайын санап, ойларына келгенін істеген.
 
Ол жерде бірнеше рет тіркелмеген, заңсыз қайықтар анықталған. Демек, браконьерлікпен айналысқанға ұқсайды. Бұған қоса, балық қорғау инспекторларын қорық аумағына кіргізбеген. 
 
Бақтықожа Ізмұхамбетов, облыс әкімі: 
Ол жерде ойларына келгендерін істеп, ұрлайтындарын ұрлап, жейтіндерін жеп, өртейтінін өртеп жатыр. Бұл жарамайды. Барлық тәртіпсіздіктер резерваттан басталып отыр.
 
Жиын соңында браконьерлікпен күресті күшейту туралы хаттама толтырылды. Орган басшыларына бұл бағытта нақты нәтиже беретін іс-шаралар атқару тапсырылды.
 
Батырбек ҚУАНДЫҚҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу