Көкшетаулық полицей 1,5 жасар сәбиді қауіптен құтқарып қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкшетаулық полицей 1,5 жасар сәбиді қауіптен құтқарып қалды

01.04.2014
Көкшетаулық полицей 1,5 жасар сәбиді қауіптен құтқарып қалды
Көкшетауда 1,5 жасар сәби құтқарылды. Бесінші қабатта тұратын көкшетаулық Шойбековтар отбасы бүлдіршінді үйде қараусыз қалдырған. Сол арада кішкентай Әлия ашық тұрған терезенің сыртқы ернеуіне шығып, сол жерде бірнеше уақыт тапжылмай отырады. Адам өміріне араша түсу - ерлікпен парапар. Өміріне қауіп төнгенін ойламаған баланы полиция қызметкері Азамат Әбішев құтқарып қалды.
 
Қайсар мінез, адал қызмет бұл әр полицияның бойынан табылуы тиіс қасиет. Бұл - Көкшетау қаласындағы қалалық полиция басқармасының тәртіп сақшысы Азамат Әбішевтің пайымы. Сөзіне ісі дәлел. Талтүсте сәбидің өмірін құтқарды.
 
Азамат Әбішев, полиция қызметкері:
Түстенуге үйге келе жатқанмын. Бір кезде мына жерде адамдардың жиналғанын көрдім. Бұл не болды деп қарасам, бесінші қабаттағы терезенің ернеуінде кішкентай қыз отыр. Жиналғандарға төтенше жағдай қызметіне хабарласыңдар деп, өзім дереу құтқаруға ұмтылдым. Дәліздің есігі кодпен ашылады екен. Есік алдында жүрген әйел есікті ашуға көмектесті. Сосын бесінші қабатқа қарай жүгірдім. Іштегі бала шошымас үшін, көршілерден құрал-сайман алып, пәтердің ағаш есігін дауысын шығармай бұзып аштық. Сосын ернеуде отырған баланы алдап- сулап, қасына келгенде шап беріп ұстап, ішке кіргіздім.
 
Полиция қызметкері баланы құтқарып алғаннан кейін, анықтау жұмыстарын жүргізген. Белгілі болғаны, баланың анасы Ақмарал Шойбекова екі баланы  20 жастағы студент сіңілісіне тапсырып, өзі балабақшаға жұмысқа кеткен көрінеді.
 
Ал, студент қыз оқу орнына шақыртқандықтан, екі баланы сыртынан кілттеп, бірнеше сағатқа қалдырып кеткен. Алайда, бойжеткен қыз пәтердің ішін желдету үшін ашқан терезені жабуды ұмытқан екен.
 
Ақмарал Шойбекова, сәбидің анасы:
Міне, баланы құтқарып қалды. Аллаға шүкір, рахмет сізге. Білмеймін, не айтарымды да, жылағым келіп тұр. Пластикалық терезе қойдырғанбыз. Терезенің сыртында темір торлары да жоқ. Рақмет айтамын. Есікті бұзып, сыртқа шығып тұрған баламды  құтқарды.
  
Баланы көре сала, дереу іске көшкен Азамат Әбішевтің әрекеті көпке үлгі. Ол адам өміріне осымен екінші рет араша түсіп отырғанын айтады. Бұған дейін Ресей академиясында курсант болып оқып жүрген кезде жер үйдегі тұрғындарды өрттен құтқарыпты.
 
 
 
Ерболат ТӨЛЕГЕНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу