Қоғам дертімен күрес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қоғам дертімен күрес

31.03.2014
Қоғам дертімен күрес

«Елімізде есірткі тұтынушылардың саны жыл сайын 10-15 пайызға  азаюда. Десе де, бұл көрсеткіш көңіл көншітпейді», дейді мамандар.
 
 Себебі, қазір есірткі қолданатындардың үштен екісі - жастар мен жасөспірімдер. Бұл мектептер мен ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстарының нашар екендігін көрсетіп отыр.
 
 «Аңдамай басқан қадам айықпас дертке ұласты», дейді өз-өзіне Қайрат. Ол бұл іске бір емес, бірнеше рет барған. Алғашында есірткіні ермек етіп, одан қызық көріп әуестене бастапты. «Енді отбасымның берекесін кетірді, ата-анам да емдетемін деп талай шашылды, десе де нәтиже жоқ», дейді ол.
 
Қайрат:
11-сыныпта досыммен бір рет татып көрдім, енді іздеп тұрамын. Өкініп жүрмін, әрине. Онымен күресу қиын.
 
 Қазір әлемде 500 миллион адам есірткі қолданады екен. Қазақстанда 50 мың нашақор бар. Есірткіге әуестенгендердің 40 пайызы - 16-20 жас арасындағы жастар. 21-25 жастағылар - 30 пайыздан жоғары болса, 20 пайызы - 26-30 жас аралығында.
 
 Әрбір есірткі тұтынушы 1 жылда кем дегенде 10 адамды теріс жолға түсіреді дейді мамандар. Астана қаласында тек биылдың өзінде есірткі бизнесіне қатысты 63 қылмыстық іс қозғалыпты.
 
Әлия Нұрғазина, Астана қалалық ІІД Есірткімен күрес басқармасының жедел уәкілі:
Олардың барлығына қатысты қылмыстық із қозғалып, қатысы барлар жауапкершілікке тартылды. Астана қаласында 3 мыңға жуық есірткі тұтынушы тіркеуде тұр.
 
 Бүгінде елімізде осы дертпен күресу шаралары жүйелі жүргізілуде. Тек Астана қаласы бойынша жыл сайын алдын алу шараларына 15 миллион теңге бөлінеді екен.
 
 Дегенмен, мамандардың айтуынша бұл жұмыстарды әлде де күшейте түсу керек. Әйтпесе, Қайрат сынды жаманның азғыруына еріп, жетегінде кететін жастардың саны артпаса, кемімейді,  дейді мамандар.
 
Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу