«Алюминстрой» тұрғындары апатты үйлерде тұрып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Алюминстрой» тұрғындары апатты үйлерде тұрып жатыр

28.03.2014
«Алюминстрой» тұрғындары апатты үйлерде тұрып жатыр
Павлодар қаласының нақ ортасында «Алюминстрой» деп аталатын шағын аудан бар. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымының 80 пайыздан астамы әбден тозған.
 
Мәселен, құбыр жарылып, кәріз бекітілсе, жарық сөніп қалса тұрғындар алдымен Пәтер иелері кооперативіне хабарласады. Масқарасы сол, үй саны 160-қа жуық тұтас қалашықта бірде-бір ПИК жоқ. Сенудің өзі қиын.
 
Қос қабатты қоңырқай үйлер қалашығы «Алюминстрой» деп аталады. Атақты ақ қалайы шығаратын зауытты салуға келген жұмысшыларға уақытша баспана ретінде берілген. Қабырғалары қабықтай құрастырмалы бұл үйлердің пайдалану мерзімі 15-ақ жыл көрінеді.
 
Аманкелді Үсенов, тұрғын:
Мынау лашық па, әлде көгершіннің  ұясы ма, не нәрсе бұл? Осындай үйлерде тұрып жатырмыз. Бұл үйлерге 50-60 жыл болған. Бізде тұрғын үй-коммуналдық қызмет деген атымен жоқ.
 
Яғни, тұрғындар өз халдерінше тірлік жасайды. Нағыз қарбалас көктем мен күзде басталады. Асфальті жоқ көше ми батпаққа айналады. Жаңбыр мен еріген қар суы жертөлеге құйылады. 
 
Қарлығаш Құсайынова, тұрғын:
Кәріз жүйелері бітеліп, құбырлар шіріген.
 
Майкен Ахметова, тұрғын:
Қар күрт еритін болса,  үйлердің барлығы су кетіп, құлауы мүмкін. Қатты жел болса сымдардың барлығы бір-бірімен тұйықталып жанып кетеді.
 
Қалалық «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық» бөлімі «Алюминстрой» десе азар-безер болады.
 
Өйткені, төтенше жағдайлар қызметі бұл үйлерді апатты деп танып «ерекше» тізімге алды.
 
 Ринат Қойсоймасов, Павлодар қалалық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:
Өте күрделі жағдайдағы шағын аудан. Пәтер иелері кооперативтері жауапкершіліктен қорқып, 20 жылдай бұрын тарап кетті. Шақырту түссе, тек апаттық қызметті жібереміз. Инженерлік жүйенің 80 пайыздан астамы тозған. Тұтастай ауыстыру арқылы ғана мәселені шешуге болады.  
 
Болат Аманбаев, тілші:
Павлодардың бас жобасында «Алюминстрой» қалашығының орнына жаңа аудан салынады деп көрсетілген. Тұрғындар содан үмітті. Бірақ, әлі де біраз күтуге тура келеді. 
 
Себебі, жақында облысқа келген Өңірлік даму министрінің орынбасары Серік Нокин «Алюминстрой» қалашығының орнына салынатын «Сарыарқа» тұрғын үй кешенінің жоспарын жарамсыз деп тапты.
 
Өйткені, сметалық-жобалау құжаты тым қымбат. Тек қана инженерлік инфрақұрылымының өзі 14 миллиард теңге. Ал ондай қыруар қаржы жұсап құрылыс салуға ешкімнің де батылы бара қоймас.
 
Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу