Екі жылда 21 елді мекен газдандырылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екі жылда 21 елді мекен газдандырылады

26.03.2014
Екі жылда 21 елді мекен газдандырылады
2015 жылға дейін Қызылорда облысының 21 елді мекені көгілдір отынның игілігін көреді. Бұл орайда облыс әкімдігі мен «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамының арасында арнайы меморандумға қол қойылды.
 
Яғни, тараптар «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралінен 5 бағыттаушы газ құбырын салуға және 4 ауданның орталығында газ тарату жүйелері бар АГТС құрылысын салуға 16 жарым миллиард теңге көлемінде инвестиция тарту жөнінде келісім жасады.
 
Аманкүл Қалыбаева үйге отын кіргізіп, сыртқа күл шығарып күнде әуреге түседі. Таң атқаннан күн батқанға дейін үйде жылу үзілмес үшін пеш жағып шаршайды. Өйткені, ол тұратын Талсуат ауылына ілеспе газ жүйесі жүргізілмеген.
 
Аманкүл Қалыбаева, Талсуат ауылының тұрғыны:
Ең болмаса газ келсе, халыққа жақсы болар еді. Халық шамалы бейнеттен арылса екен. Жасым жетпіске келді, көмір жағу да оңай емес қазір. Сатып алу да оңай емес. Көмір де қымбат қазір.
 
Ауылдағылардың ортақ ойы бұл. Өйткені, Сырдың суық салқынында, өңменінен өтетін желді күндері отын жарып, көмір тасу оңай емес.     
 
Жалпы өңірдегі елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін өткен жылы «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» акционерлік қоғамының тапсырысымен «Арысқұм» кен орнында кешенді газ дайындау құрылғысын салу жобасы қолға алынған болатын.
 
Ал биыл құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуі тиіс еді. Ол үшін 85 миллион   доллар да қарастырылды. Алайда,   «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз»   зауыт құрылысын тоқтатты. Себебі, инвестиция салу тиімсіз,- деп санайды.
 
Қырымбек Көшербаев, облыс әкімі:
Бұл Қазақстан Республикасының 2013 жылдың 29 қарашасындағы №1278 Қаулысына сәйкес есептеу формуласының өзгеруіне байланысты болып отыр. Дегенмен, «Сapital Gate Central Asia» кәсіпорнымен газ дайындау қондырғысын салу жөнінде келісімге қол жеткізілді. Осы зауыт құрылысы мен тиісті газ көлемін өндіру және жеткізу мәселесі оң шешімін тапқан жағдайда, «ҚазТрансГазАймақ» «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральді газ құбырына қосылған «Арысқұм-Жосалы» магистральді газ құбырын салуға инвестициялық тетіктерді іске қосуға дайын.
 
«Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының 846 шақырымы Қызылорда облысы арқылы өтеді. Жоба бойынша қала мен ауыл ішінде және көше бойымен таратушы газ құбырларын салу көзделген. Ал, тұтынушылар үшін газдың сатып алу бағасын қоса есептегенде 1 текшеметр газ - 18 теңге 60 тиын мөлшерінде болады. 
 
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу