Баян-Өлгий аймағында ат жарысы өтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Баян-Өлгий аймағында ат жарысы өтуде

20.03.2014
Баян-Өлгий аймағында ат жарысы өтуде

Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында Наурыз мерекесіне орай  құнан және дөнен бәйге өтті. Бұл өңірдегі қандастарымыз мұндай тұлпарлар бәсекесін жыл сайын ұйымдастырады. Мұнда ұлттық ат спорты өте жақсы дамыған.

 
Сөзіңе дәлел аймақтың орталығында және әрбір ауылда ұлттық ат бапкерлер одағы бар. Бәйге десе делебесі қозатын жандар жыл бойы жылқыларын жаратып, айтулы мерекелер кезінде нағыз дүлдүлдерді анықтайды.
 
Бұл бәйгені Баян-Өлгий аймағының ат бапкерлер одағы ұйымдастырды. Оған аймақтың құрамына кіретін 12 ауылдың атбегілері өз сәйгүліктерін дайындап әкелген. Араларында бәйгеге бірден бірнеше жылқыны қосып жатқандар да бар. 
 
Ғылымқал Манай, Баян-Өлгий тұрғыны:
Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай жүгірер дейді. Әркім де аттарын жүйрік деп әкеліп отыр. Енді осы жолғы Наурыздағы бәйгеге мен екі дөнен әкеліп отырмын және ағамыздың бір құнаны бар. Осымен 3 ат дайындап әкелдік.
 
Ғылымқал Манай осы үш аттың ішінде мына құла дөненіне ерекше үміт артады екен. Биыл 4 жасқа толған тұлпары осыған дейін ат жарыстарда 9 рет топ жарыпты. Осыдан біраз уақыт бұрын құнан жарыс өткен болатын. Ал енді 27 дөнен 10 шақырымға жіберілді. Баян-Өлгий аймағының жері таулы келеді. Сонтықтан тұлпарлар тура жолмен шабады.
 
Бір қызығы, бапкерлердің әрқайсысы автокөлікпен бәйгеге қатысқан жүйріктермен қапталдаса жүріп отырады. Ондайда ат жарысы мен авторалли бірге өтіп жатқандай әсер аласыз. Біраз уақыттан соң Ғылымқал Манайдың құла дөнені алға суырылып шығып, сол бойы мәреге жеке-дара келді.
 
Мешітбай Сақышбек, шабандоз:
Шыққанда артында болдым, одан кейін топтың ортасына барып, одан әрі бірге шықтым. Қарсыластарым оңай болған жоқ, бірақ мәре сызығына жеткенше бірінші болып келдім. 
 
Жалпы, Моңғолия еліндегі қазақтар ұлттық ат спортының мәртебесі биік. Мереке күндері қыз қуу, теңге ілу сынды ұлттық ойындарды ұйымдастырып, бәйгенің бірнеше түрін өткізеді. 
 
Санатбек Нұрахмет, Баян-Өлгий аймағы әкімінің орынбасары:
Наурыз мейрамына байланысты бізде 6 түрлі ат шабады. Тай, құнан, дөнен, бесті ат, жуан ат, айғыр деген сияқты. Ал оның сыртында жорға жүгіреді. Сонда бізде үлкен атаулы мерекелерде 7 түрлі аттың жарысы жүргізіліп тұрады.
 
Баян-Өлгийдегі ат құлағында ойнаған қауым ертең тағы бір мәрте сәйгүліктердің өнерін тамашалайды. Енді олар аламан бәйгенің бәсін қыздыратын нағыз тұлпарларды жарыс жолына шығарады. 
 
 
Берік КӨШЕРБАЕВ

Хабарламаларға жазылу