Республикалық маңыздағы жол ширек ғасыр жөнделмеген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Республикалық маңыздағы жол ширек ғасыр жөнделмеген

17.03.2014
Республикалық маңыздағы жол ширек ғасыр жөнделмеген
Ақтөбе-Атырау-Ресей Федерациясы бағытындағы республикалық маңызы бар жол 30 жыл бойы жөндеу көрмей келеді. Бұл - жол төртінші халықаралық транзиттік дәліздің бөлігі.
 
Тасжолдың тек Ақтөбе облысынан Атырауға дейінгі 101 шақырымы жөнделген. Қалғаны ойылып, халықтың қатынауын азапқа айналдырды. Әсіресе, атыраулық және ресейлік кәсіпкерлердің бір-біріне тауар тасымалдауына қиындық туғызуда.
 
Айта кету керек, Атырау облысында барлығы 3573 шақырым автокөлік жолы болса, соның 990-ы республикалық маңызға ие. Ал, оның 496 шақырымы жөндеуді қажет етеді.     
 
 «Жолдың жайын жүрген біледі», демекші, атыраулық Асан Орынбасаров - республикалық мәндегі тасжолдың азабын тартып жүргендердің бірі. Ол Атыраумен шекаралас жатқан Ресей Федерациясының Астрахань облысына жиі қатынап, онда тауар тасиды. Асанның айтуынша, бұл жолға адам түгілі темір тұлпар да шыдамайды. 
 
Асан Орынбасаров, қала тұрғыны:
Жолды өздеріңіз көріп тұрсыздар. 200 шақырымдық жолға 5-6 сағат уақыт кетеді. Көліктің қосалқы бөлшектері шақ келмейді.
 
Дәл осы республикалық маңызы бар жол Атырау мен Астрахань облыстары арасында сауда-саттық көлемінің артуына, яғни, экономиканың өсуіне негіз болып отыр.
 
Өткен жылдың өзінде мұнайлы өңірмен Ресей арасындағы тауар айналымы 308 миллион АҚШ долларын құрады. Ал, жолдың күйі ойдым-ойдым. Оны жөндеуге жауапты құзырлы мекеме басшылығы болса, бұл мәселе қаржы тапшылығынан шешілмей отыр, дейді.
 
Жантас Шәріпов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры:
 Қаржы тапшылығынан, қайта жаңғыртудың кешеуілдеуі болып отыр. Бүгінгі күні осы жолдың 140 шақырымына жобалық-сметалық құжаттар дайын. 60 шақырымына қайтадан жөндеу жұмыстарын бастау осы жылдың аяғына, не келер жылдың басында көзделіп отыр.
 
Ал, Ақтөбе-Атырау-Астрахань бағытындағы жолға жөндеу жұмыстарын жүргізуді бастау неліктен созылып отырғандығына «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Атырау облыстық филиалы директорының берген жауабы:
 
Жантас Шәріпов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры:
Бірінші кезекте, Елбасының тапсырмасы бойынша «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жолына мән беріліп жатыр. Бұл биыл аяқталады. Сол кезде Ақтөбе-Атырау-Астрахань бағытындағы жолға көңіл бөлінетін болады.
 
Биыл Атырау облысындағы республикалық маңызы бар автокөлік жолдарында әртүрлі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 3 миллиард 329 миллион теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 200 шақырымға жуық жол қалыпқа келетін болады.
 
Алайда, Ақтөбе-Атырау-Астрахань бағытындағы жол жөнделетіндердің тізіміне ілікпеді. 
 
Батырбек ҚУАНДЫҚҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу