Ақтөбе облысындағы су қоймаларына қазірдің өзінде 40-50 пайыз су жиналған. Қар тез еріп, жаңбыр жауса, құтқарушылардың әбігерге түсері хақ. Арна толып, жақын ауылдардың суға кету қаупі бар.
Өңір басшылары қатердің алдын алу мақсатында су қоймаларының жағдайын тексеріп, күзетті күшейтті. Қоймаларға жиналған қар суы ернеуге жетпей ағызып жіберіледі. Бой бермесе, бөгет орнататын құрылыс материалдары да дайын.
«Қарғалы» - ең ірі су қоймасы. Сыйымдылығы - 280 миллион текше метр. Қазір 80 миллион текше метр су бар. Қар еріген уақытта 240-360 миллион текше метр су жиналуы мүмкін.
Сондықтан, дер кезінде ағызып үлгеру керек. Өңірдегі 11 су қоймасы мен өзен-көлдер жіті бақылауда. Ойыл өзеніне су жинау жүйесі орнатылды. 80 көлі бар Ырғыз - қауіпті аймақтың бірі.
Бекзат Наметов, «Қазсушар» РМК Ақтөбе филиалының басшысы:
Торғай, Ырғыз өзендеріндегі су мөлшері тиісті деңгейден 1,5 есе көп. Сол үшін алдыңғы жылы екі су қоймасын салынды.
Қала іргесіндегі «Ақтөбе су қоймасы» қатаң бақылауда. 245 миллион текше метр қар суы сыяды. Оның тең жартысы жиналды. 553 мың гектар жерден ерінді су келеді, деген болжам бар.
Өңірдің тасқынға төтеп берер тас-түйін жоспары бар. 10 мың қап, 10 тонна жарылғыш зат әзір. Коммуналдық техникаларға қоса, мұнай компанияларының машиналары жұмылдырылады.
Қазір қар тазалау жұмысы қызу жүргізілуде. Ол үшін өңірге қосымша 80 миллион теңге бөлінді.
Архимед Мұхамбетов, Ақтөбе облысының әкімі:
Бүгінгі күні 370 мың текше метр қар шығарылды. Жұмысты жалғастырып жатырмыз. Ең қауіпті деген жерлердің аумағына 6500 тонна инертті материалдар дайындадық.
Саяжайлардың ылдиында орналасқан тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Олардың саны нақтыланып, уақытша көшіріледі. «Жаман айтпай, жақсы жоқ». Тасқын болса, құзырлы орган сақадай сай. Техника да, құтқарушылар да дайын.
Әлия ТАЛАСОВА