«Жан жылуы» бағдарламасы қайырымдылық концертін өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Жан жылуы» бағдарламасы қайырымдылық концертін өткізді

15.03.2014
«Жан жылуы» бағдарламасы қайырымдылық концертін өткізді
Әз Наурыз қашаннан көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созатын, қайырымдылық жасап, сауап алатын ұлық мереке. Осы мереке қарасаңында «Жан жылуы» бағдарламасы 5 жылдығын қорытындылап, қайырымдылық концертін өткізді. «Қазақстан» орталық концерт залында өткен шараға келем деушілерге есік ашық болды. 
 
Бес жыл. Көп те емес аз да емес. Бес жылда бес жүз тағдыр өзгерді. Бағдарлама арқасында талай тұл жетім ата-аналы болып, елімізде емдеуге мүмкіндік болмаған қаншама нәресте шетелден шипа тапты. Тіпті бағдарлама арқылы танысып, бауырдай боп кеткен жандар да бар.
 
Амангелді Қапанов, І топ мүгедегі:
Осы хабар арқылы өзіммен қатар отырған жандармен танысып, қазір сол кісілермен жұмыс істейміз.  Екі кішкентай балам бар. Біреуі 7 жаста, біреуі 2 жаста. Екеуін балалар үйінен асырап алдым.
 
Мейірім мен қамқорлық қанымызға сіңген қазақпыз. Ақтөбелік Өмірхан Жетесов те балалар үйінен төрт бірдей бүлдіршінді бауырына басқан батыр әке.
 
Жалпы «Жан жылуы» бағдарламасының арқасында жетімдер үйіндегі 20 бала жаңа отбасын тапты. 13 бүлдіршін шетелде ем алды. 8 отбасы баспаналы болды. Бірақ бұл теңізге тамшы тамғандай аз. Бастысы қоғамды қамқорлыққа үйретті.
 
Бақытжан Ертаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халық қаһарманы:
Көп кәсіпкерлер оянатын шығар осы бағдарламадан кейін. Өзім де терең ойға кеттім. Бала көз жасы болмасын, ана көз жасы болмасын, әке қайғырмасын.
 
Концерт соңында көмекке мұқтаж тағы бір жанға қайырымдылық көрсетілді. Жиналған көпшілік қиналған жанға жылу беретін осындай шаралар көп болып, бағдарлама баянды болсын деген тілекпен тарқасты. 
 
 
Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу