Семей көшелері көктемде көлге айналады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семей көшелері көктемде көлге айналады

14.03.2014
Семей көшелері көктемде көлге айналады
Семейде жылда көктемде тұрғындар лай су кешуге мәжбүр. Өйткені, қалада суағар арықтар жоқ. Кеңес заманында салынған жолдардың көбінде кәріз жүйесі мүлдем ескерілмеген. Соның кесірінен қар еріп, жауын жауса, қала көшелері көлге айналып, жұртты әбігерге салады.
 
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандары болса, бұл мәселені түбегейлі жоюға ниет болғанымен, қаржы жоқ, дейді.
 
Көктемде Семей көшелерінің басым бөлігіндегі жағдай - осы. Қар суы ағатын кәріз құдықтары жоқ. Кейбірінде мұндай жүйе мүлдем қарастырылмаған. Сондықтан, қар еріп, жауын жауса, жаяу адам тұрмақ, көліктердің де жүруі қиындайды.
 
Халық пікірі:
-Осы жерге әрең жеттім. Кейбір көшелер мүлдем көлкіп тұр, айналып жүресің.
 
-Қардың суы, жаңбырдың суы бар, көктемде жүру мүмкін емес.
 
- Басқа қалалардағы сияқты бізде су ағатын арықтар жоқ. Сондықтан, жағдай жылда осылай болады.
 
Бүгінде жалпы, қала бойынша су ағатын 400-ден астам ғана кәріз құдығы бар. Бұл аз, дейді мамандар. Тіпті орталық көшелердің өзіндегі ескі құдықтар, бүгінгі күні істен шыққан. Тығырықтан шығу үшін мамандар қолда бар су соратын техниканы түгелдей жұмылдырады. Алайда, мәселені бұлайша шешу мүмкін емес,- дейді олар.
 
Жанат Шаймұратова, Семей қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің маманы:
Қолымызда көп техника болды, деген күннің өзінде, біз тазалап үлгермейміз. Сондықтан, қалыпты жұмыс істеп тұратын кәріз жүйесі қажет.
 
Ең көп зардап шегетіні жекеменшік сектор тұрғындары. Олар жол бойындағы үйлерін судан қорғау үшін құм сеуіп, бөгеттер жасап, әлекке түседі. Жағдайды жақсарту үшін, қыруар қаржы керек, дейді мамандар.
 
Нақты қанша сома қажеттігі де белгісіз. Өйткені, құрылысқа қажетті жобалық-сметалық құжат жасалмаған. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының мамандары оған 2015 жылы тапсырыс береміз, дейді.
 
Ержан ЖАҚЫП

Хабарламаларға жазылу