Сегіз қырлы, бір сырлы азамат - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сегіз қырлы, бір сырлы азамат

10.03.2014
Сегіз қырлы, бір сырлы азамат

Атырау облысы, Сағыз ауылының тұрғыны Жайлау Таласов - ұлттық қолөнерді дамытуға үлес қосып жүрген жандардың бірі.

 
Хас шебер қазақтың көне музыкалық аспаптарының бірі - саз сырнай жасайды. Бұған қоса, ол - кәсіби фотограф. Қала берді, кәсіпкер. Ауылда алғашқы болып мемлекеттік бағдарлама арқылы несие алып, кәсібін өрлетті.
 
Жайлау Таласов саз сырнай жасауды осыдан 18 жыл бұрын қолға алды. Ұлттық аспапты дайындаудың қыр-сырын академик Болат Сарыбаевтың «Қазақтың ұлт аспаптары» кітабынан үйренді.
 
Қазір аспапты Алматыдағы өнер ұжымдарының сұранысы бойынша ғана әзірлейді. Оның жасаған саз сырнайымен талай сазгер байрақты додаларда бас бәйгені қанжығасына байлады.
 
Жайлау Таласов, қолөнер шебері:
Саз сырнайды кезінде Алматы керамика зауытында шығарған. Бірақ, пайдаға аспаған. Бұл зауытта жасалатын нәрсе емес. Шебердің жеке көзқарасымен жасалуы керек, дыбыс сонда шығады.
 
Батырбек Қуандықұлы, тілші:
Саз сырнай дайындау үшін қолөнер шеберіне бір аптадай уақыт қажет. Ал, бұл аспапта ойнауды игеру қиынның қиыны.
 
Саз сырнайда ойнауды үйренгісі келетін жастар жоқ емес, бар. Алайда, оны жасайтын шеберлердің қатары өте аз. Елімізде олардың саны үшеу ғана. Демек, бұл ұлттық өнеріміз жойылудың аз-ақ алдында тұр.
 
Атыраулық шеберді осы мәселе қынжылтады. Ол алдағы уақытта саз сырнай жасауды балаларына үйретпекші. «Себебі, өнер атадан балаға мирас болып қалғанда ғана жалғасады», дейді хас шебер. 
 
Жайлау Таласов, қолөнер шебері:
Қырғыздарда осыған ұқсас аспаптар бар. Бізде бұл аспапты жасайтын адам жоқ.
 
Жайлау Таласов қолөнермен қатар, кәсіби фотосуретшілікпен де айналысады. Өмірдің бір ғана қас-қағым сәтін бейнелейтін суретшінің туындылары халықаралық көрмелерде жоғары бағалануда.
 
Оның кадрларына халқымыздың ұлттық нақыштары, салт-дәстүріміз арқау болған. Бұдан бөлек, ол - кәсіпкер. Ауылда алғашқы болып «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы несие алып, тұрғындарға компьютерлік қызмет көрсету орталығын ашты. Бизнесі де өрге басып тұр.
 
БатырбекҚУАНДЫҚҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу