Медицина саласының мамандары Жолдауды талқылады

28.02.2014
Медицина саласының мамандары Жолдауды талқылады
 
Елбасы Жолдауында денсаулық саласына баса назар аударылғаны дәрігерлерге ерекше ұнады. Мәні мен мазмұны айрықша құжатта айтылғандарды ақ халаттылар қолдайды. Бүгін Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова дәрігерлермен кездесіп, Жолдауды талқылады.
 
 «Ұлт денсаулығы - біздің табысты болашағымыздың негізі», дейді Қырмызы Игісінова. Ол Алматыдағы №3 емхананы басқарады. Дәрігер Елбасының Жолдауын  асыға күтіп, ерекше ықыласпен тыңдады.
 
Себебі, еліміздегі тиімді саясаттың арқасында медицина саласының тамырына қан жүгіргенін айтады.
 
Қырмызы Игісінова, Алматы қалалық № 3 емхананың директоры:
Биылғы Жолдауда Президент халқымыздың өмір сүру ұзақтығын 80 жасқа дейін арттыруды тапсырды. Біз өз тарапымыздан Жолдаудағы міндеттерді орындауға бар күш-жігерімізді саламыз. Сондай-ақ, Елбасымыздың денсаулық сақтау қызметкерлерінің еңбекақысын  28 пайызға өсіруді тапсырғаны да бізге үлкен серпін берді.
 
«Денсаулық сақтау саласындағы басты басымдық - алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту. Мемлекеттің, жұмыс берушілердің және қызметкердің денсаулық үшін ортақ жауапкершілігі - медициналық қызметтің барлық жүйесінің басты қағидаты» деп, Елбасы биылғы Жолдауында қадап айтты.
 
Гүлшара Әбдіхалықова, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
Жалпы,Үкімет «Саламатты Қазақстан»  бағдарламасының бірінші кезеңі бойынша медицина қызметкерлерінің жұмысына оң баға береді. Жуырда мен Жамбыл облысының денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен кездесіп, жақсы өзгерістер байқадым. Елбасы Жолдауындағы стратегиялық мақсаттар бізге үлкен міндеттер жүктейді.  
Медицина саласының жақсаруына мемлекеттік бағдарламалардың да әсері мол. Мәселен, «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы халық денсаулығын жақсартуға айтарлықтай үлес қосып келеді.
 
Мысалы, елімізде өмір сүру ұзақтығы 2011 жылы 69 жас болса, 2013 жылы 70,3 жасқа жетті. Ал аналар өлімі көрсеткіші 6,7 пайызға, нәрестелер өлімі көрсеткіші 17 пайызға төмендеді.
 
Ал министрдің айтуынша, Жолдауда жүктелген міндеттерді бұлжытпай орындап, жұмыла жұмыс істесек, халық санын 2050 жылға қарай 26 миллионға жеткізуге мүмкіндік бар.
 
Салидат Қайырбекова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Айта кетерлігі, биыл атқарылатын іс-шаралар алғашқы медициналық -санитарлық көмекті әрі қарай дамытуға негіз болады.
 
Осылайша, кездесу барысында денсаулық сақтау саласының мамандары Жолдауға қатысты пікірлерін білдірді. Алдағы жоспарды бекітті, бағытты айқындады. Ең бастысы, әр іс «Қазақстан -2050» Стратегиясында көрсетілген мақсаттарға жетуге негіз болуы тиіс, дейді дәрігерлер.
 
 
Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу