Өнерді дертіне дауа еткен шебер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өнерді дертіне дауа еткен шебер

28.02.2014
Өнерді дертіне дауа еткен шебер
 
Семейде Абылайхан Асылбай атты шебер тұрады. Жас кезінде екі аяқтан ауыр жарақат алып, мүгедек атанса да, қиындыққа мойымай келеді. Төзімділік пен еңбекқорлықтың ерен  үлгісін көрсетіп жүрген жан.
 
Қазақтың қолөнерін жалпақ жұртқа танытып, талай беделді көрмелерде топ жарды. Кезінде қолдың қысқалығынан кейінге ысырылған  «Ізбасар шәкірт тәрбиелесем», деген  арманы енді орындалатынына бек сенімді.  
 
Абылайхан Асылбай жігіт шағында құрылыста жүріп биіктен құлап, ауыр жарақат алады. Омыртқасына зақым келіп, жүруден қалады. Дәрігерлер болса, «Енді аяққа тұра алмайсың», деп байлам жасаған. Бірақ, бұл қиындыққа мойымайды. Дертіне қарамастан атақты Дәркембай Шоқпаровты іздеп барып,  қазақтың қолөнерін үйренген.
 
Абылайхан Асылбай,  І топтағы мүгедек, қолөнерші:
Аз да болса,  өнерге үлесімізді қоссақ дейміз. Осы кәсібіміз дамып, әрі қарай кеңейсе деген тілегім бар. Қаншама жастар келіп,  үйретіңізші, дейді. Тар жерде отырғаннан кейін оларға не айтамын? Білгенімді айтып, жіберемін.
 
Қазір Абылай шебер өз үйінде айналуға келмейтін аядай бөлмедегі шеберханада жұмыс істеп отыр. «Шын өнерге берілген адам үшін бұл бөгет емес» деп санайды. Бұл қағиданы сан мәрте дәлелдеді де. Талай республикалық шеберлер сайысына қатысып, үздік атанды. Қолынан шыққан ұлттық бұйымдары осы күні Астана мен Алматыдағы мұражайларда жәдігерлер қатарын толықтырып тұр.
 
Архат Оразғалиев, қолөнерші:
Материал тапшы болса да, керемет дүниелер жасап жүр. Өзінің денсаулығына қарамастан төл дүниемізді дамытуға үлес қосып жүрген азамат.
 
Қолөнерші қолға түскенді түгелдей ұқсатады. Темірден түйін түйіп, ағаштан иін иеді. Тұрмыстық қалдықтарды да кәдеге жаратады. Мысалы, мына оюланған бәйтеректің бейнесін, бос қалбырдан жасаған. Көздің жауын алатын  туындыларын көрмелерде көпшілікке паш етеді.
 
Абылайхан Асылай, қолөнерші: 
Президенттің Жолдауына ризамын. Өйткені, мүгедектерге қамқорлық жасалып жатыр, ақша бөлініп жатыр. Үкімет те бізді елеп-ескереді деген ойдамын. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға қамқорлық жасағаны өте жақсы.Өйткені, біз көп нәрседен тысқары қалдық. 
 
Бүгінге дейін өнегелі жанның өнеріне жанашыр табылмай келеді. Жергілікті әкімшіліктің  бір жылдары «шеберханаға лайық ғимарат бөліп, қолұшын береміз», деген уәделері іске аспай қалған.
 
Енді қолөнерші елімізде  мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалып жатқан жақсылықтардан үмітті.
 
Ержан ЖАҚЫП

Хабарламаларға жазылу