Қос балдақты қыз жұмыс табуға көмектеседі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қос балдақты қыз жұмыс табуға көмектеседі

28.02.2014
Қос балдақты қыз жұмыс табуға көмектеседі
Еңбекқорлық та қанға сіңген қасиет секілді. Аяқ қолы балғадай біреулер бүгінде бос, жұмыссыз жүр. Ал, қос балдаққа сүйенген павлодарлық бойжеткен бос жүргендерге жұмыс тауып береді.
 
Гүлзада Мақсұтова қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің маманы. Аяғы кемтар болып туғанына қарамастан, қатар-құрбыларынан қалып көрген емес.
 
Қазақ қызына тән қайсарлық, жігерінің арқасында   ешкімнің көмегінсіз жүріп-тұратын халге жетті.
 
 «Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында ұйымдастырылған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі. Бұл - мүгедек жандарды жұмысқа орналастыру мақсатында қолға алынған шара.  Осында келушілер қаршадай қазақ қызына барғыштай береді.
 
 Өйткені, Гүлзада Қалдыбайқызы жылдар бойы жұмыс іздеп жүрді. Енді ол - жұмыс беруші мекеменің білдей бір маманы.
 
Гүлзада Мақсұтова, қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар  бөлімінің маманы:
Бүгін осы мүгедек жандарға жұмыс ұсынып жатырмын. Бұл - үлкен мүмкіндік.
 
Қалалық Жұмыспен қамту бөліміне күніне жүздеген адам келеді. Абыр-сабырдың арасында отырып, адамдар абыржымайтындай қызмет көрсету қиын-ақ. Бірақ, Гүлзада  көпшіліктің көңілінен шығып жүр.
 
Бақытай Шақарова, қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі:
Гүлзада жұмысқа өте жауапты. Ешқашан кешікпейді. Келген жұмыссыз адамдармен тез тіл табысып, дұрыс жауап береді.
 
Аяғының кемтарлығынан мүлдем жүрмей қалуы мүмкін. Жаңа туған сәбиге осындай диагноз қойған  дәрігерлердің пікірін Гүлзада жоққа шығарды. Қос балдаққа сүйеніп жүріп-ақ, мектепке барды, колледжге түсті, мамандық алды.
 
Гүлзада Мақсұтова, қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар  бөлімінің маманы:
Жұмыстан бөлек, мен ағылшын тілін үйренемін. Шетелге барып, сол жақта ота жасатсам, дәрігерлерге өз мәселемді дұрыстап айтып, түсіндіре алуым керек. Мен жазылып кетемін.
 
Операция жасату үшін Корея немесе АҚШ-қа бару керек. Гүлзада қолөнерді жақсы көреді. Кесте тігуді ұнатады. Келешегім кестедей келісті болады, дейді ол сеніммен.
 
Болат АМАНБАЕВ 

Хабарламаларға жазылу