«Жатқанға жан жуымас, жалқауға мал құралмас». Бұл - қызылордалық Алтынбек Есмахановтың өмірлік ұстанымы. 16 жасында бір аяғынан айырылып, мүгедек атанған ол осы берік ұстанымының нәтижесінде қоғамның өзге мүшелерімен тең өмір сүріп келеді.
Яғни, Алтынбек тағдырдың теперішіне мойыған жоқ, керісінше, еңбексүйгіш жігіт өз кәсібін ашып, аз ғана уақыттың ішінде ешкімге алақан жаймайтын жағдайға жетті.
Алтай - Алтынбектің шәкірті. Мұнда осыдан үш жыл бұрын келді. Негізгі мамандығы заңгер болса да, осы көлік жөндеу орталығында жұмыс істеуді құп көрді. Біріншіден, бұл кәсіпті өзінің жүрегі қалайды, екіншіден, табыс мол. Ал, Алтайға техниканың тілін түсініп, қыр-сырын жетік меңгеруге Алтынбек ұстазы жәрдем етеді.
Алтай Теміров, Алтынбектің шәкірті:
Алтынбекке қарап тәнті боламыз. Мүмкіндігінің шектеулі екеніне қарамай, алға қарай ұмтылып, өзінің бизнесін ашты. Біз оны үлгі етеміз, білмегенімізді сұраймыз.
Алтынбектің тірлігі тек Алтайға ғана емес, көпшілікке үлгі. Он екі мүшем сау емес, мемлекет асырайды деп үйде шіреніп жатқан жоқ. Жастайынан еңбекке бір табан жақын жігіт кәсібінің нәсібін көріп отыр.
Көлік жөндеу орталығы, телешеберхана - Алтынбектің жекеменшігі. Ал бұл жетістікке жас кәсіпкер әрине оңайлықпен жеткен жоқ.
Алтынбек Есмаханов, ІІІ топтағы мүгедек:
Білімсіз қиын болады. Еңбектену керек. Күндіз-түні жұмыс істеймін. Телешеберхана мен көлік жөндеу орталығында белігілі бір жұмыс істеу кестем бар.
Қарап отырсаң, Алтынбекте бос уақыт жоқ секілді. Бірақ, өнегелі отбасының иесі анасы мен жарына, бала-шағасына да көңіл бөлуге үлгереді. Бір мезет солармен шүйіркелесіп, балаларына жақсы азамат болып өсуі үшін өз ақыл-кеңесін айтып отырады. Ал, анасы жастайынан мүгедек болса да, сағы сынбаған ұлына әрқашанда қолдау көрсетеді.
Тасбике Мырзағұлова, Алтынбектің анасы:
Жасынан жөндеу жұмыстарына құмар еді.
Иә, елімізде кәсіп етемін дегендерге үлкен қолдау бар. Ал Алтынбек сияқты мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жұмыс істеп, отбасын асырап отырғанына қарап, тіпті көңіл сүйсінеді.
АқеркеБЕРІКБЕКҚЫЗЫ