Аймақтарда баға тұрақты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аймақтарда баға тұрақты

13.02.2014
Аймақтарда баға тұрақты
Доллар бағамының өсуі өңірлердегі азық-түлік өнімдерінің бағасына әсер етпейді. Айласын асырмақ болған алыпсатарлардың әр іс-әрекеті қатаң бақылауда. Ол үшін аймақтарда арнайы комиссия құрылып, сауда нүктелерін назарға алған. Бүгін базарға облыс әкімдерінің өздері барды. Бағаны білді, шектен шыққандарға ескерту жасады.
 
Бүгін әкімдердің бәрі базарда. Алдымен, оңтүстіктің әкімі Асқар Мырзахметов базары көп Шымкент шаһарын шарлады. Сауда орындарының басшыларымен кезігіп, бағаны негізсіз көтермеуге шақырды.
 
Қазірге дейін әкімдік 15 ірі сауда орталығының иелерімен екіжақты меморандаумға қол қойған. Сондай-ақ, 1400 дәріханаға дәрі жеткізетін 10 компаниямен келісімге келген. Мақсат - баға тұрақтылығын сақтап қалу.
 
Асқар Мырзахметов, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі:
Әзірге азық-түліктер бойынша бағаның өскенін біз көріп отырған жоқпыз. Оның үстіне әкімшілікке қарайтын тұрақтандыру қорында да 3 мың тонна ұн тұр. Картоп, сәбіз, пияз қорлары бар.
 
Атырау базарларындағы бағаны әкімдік пен құқық қорғау органдары өкілдерінен құрылған арнайы комиссия қадағалауда. Оның үстіне базар басшыларымен өзара келісім бар. Осы келісімге сәйкес, бүгін облыс әкімі ірі сауда орындары мен супермаркеттерді аралап көрді. Нәтижесінде, азық-түлік бағасында өзгеріс байқалған жоқ.
 
Бақтықожа Ізмұхамбетов, Атырау облысының әкімі:
Егер спекуляция болатын болса, кез келген уақытта құқық қорғау органдарына, әкімшілікке хабарлауларыңызды сұраймыз. Шара қолданылады.
 
Шығыста да жағдай қалыпты. Тамақ өнімдері, жанармай мен дәрі-дәрмек бұрынғы бағамен сатылып жатыр. Сауда алаңына барған аймақ басшысына сатушылар орын үшін алынатын ақының тым жоғары екенін айтып, шағымданды.
 
Әкім сауда кешендерінің иелерімен келіссөздер жүргізіп, нәтижесінде олар ақыны 20 пайызға төмендететін болды. Жалпы, қазір облыста 3 жұмыс тобы құрылған. Біріншісі, ақша айырбастау бөлімшелерін, екіншісі азық-түлік бағасын, соңғысы қоғамдық-саяси жағдайды назарда ұстайды.
 
Бердібек Сапарбаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Халық үшін ең керек нәрсенің бірі ол - нан. Нанның бағасы бұрынғыша, біздің тұрақтандыру қорының, қазіргі таңда, қоры жеткілікті. Үкіметтен жеңілдетілген бағамен ұн аламыз ба деп күтіп отырмыз. Оны алсақ, бізде нанға қатысты ешқандай қымбаттау болмайды.
 
Әкімдердің базар баруы аймақтарда азық-түлік қымбаттайды деген алып-қашпа әңгімеге нүкте қойды. Тағы да айтайық, теңге бағамының өзгеруі баға саясатына әсер етпейді.
 
Досымжан ЕРМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу