Қазақ елі идеясы - берері мол бастама - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ елі идеясы - берері мол бастама

13.02.2014
Қазақ елі идеясы - берері мол бастама
 
«Қазақстан» атауын болашақта «Қазақ елі» деп ауыстырайық. Мемлекет басшысының мұндай маңызды ұсынысын қоғам қайраткерлері қолдайды. Айтуларынша, ел атауын өзгерту, біріншіден, мемлекеттің имиджін жақсартуға мүмкіндік береді, елге келуші туристер санын еселейді.
 
Бастысы, бізді  Пәкістан, Ауғанстан секілді мемлекетінің атауы «станмен» аяқталатын елдермен шатастырып жатады. Өйткені, атаулары ұқсас. Ал егер «Қазақ елі» деп өзгертсек, мұндай түсініспеушілік болмайды.
 
«Қазақ елі» деген атауды қос қолдап қолдайтын жандардың бірі - Елен Әлімжан. Еліміздің белгілі жазушысы, қарымды қаламгері мемлекет атауын өзгертудің саяси мәні зор, дейді. Өзге елдермен алыс-беріс кезінде керек, өз ішіміздегі ұлттарды ұйыстыруға да жаңа атау қажет деген пікірде.
 
Елен Әлімжан, жазушы, драматург:
«Стан» деген сөз қазаққа ғана емес, бүкіл Қазақстан халқына түсініксіз сөз. Ауғанстан, Пәкістан деп кете береді. Ол енді кірме сөз ғой. Ал енді Қазақ елі десек, ол өте түсінікті. Әдемі. Құлаққа жағымды естіліп тұр. Бұл біздің отардан құтылғанымыз секілді, Қазақ мемлекеттігін, тәуелсіздігін тағы бір паш етіп тұрған айғақ болады. Үшіншіден, инкубатордан шыққан секілді бүкіл одақтас республикалардан шыққан тәуелсіз елдердің ішінде барлығымен бірдей емес, өзінше дербес ел екенін көрсетеді. Сондықтан, мұның саяси үлкен мәні бар.
 
Зиялы қауым ойынша, «Қазақ елі» атауы, әуелі, әлемнің озық елдерінің қатарына кіруді жеңілдетеді. Ұлт бірлігі нығаяды. Мемлекет атауын өзгерту жаһан тәжірибесінде жетерлік. Иран бұрын Персия аталатын, ал кезіндегі Цейлон, қазіргі Шри-Ланка. Тайланд өткен ғасырдың ортасына дейін Сиям болып келді.
 
Ғайникен Бибатырова, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:
Егемендігімізді алдық. Экономикамыз өсіп жатыр, ешкімге ұқсамайтын өзіміздің мәдениетіміз, өнеріміз, біліміміз, ғылымымыз бар. Сондықтан, біздің елімізді бірден танысын десек, бұл қандай жер дегенде, бұл - «Қазақ елі» деген сөздің өзі маңызды. Құлаққа да жағымды. Ойлаған адам да бұл көп елдердің қатарына кірмейтін, стандартқа кірмейтін ерекше ел екен ғой деп таңданады.
 
Атауын өзгерткен елге өзге мемлекеттердің қызығушылығы артады. Әлемдік тәжірибе дәлелдеген мұны. Ал бізге шетелдің назары EXPO-2017 көрмесі алдында керек-ақ.
 
Әсем ИЗАТҚЫЗЫ
Ғани ҚАЛМАХАН
Әйгерім МУСИНА

Хабарламаларға жазылу