Интеграция игілігін ел көріп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Интеграция игілігін ел көріп отыр

07.02.2014
Интеграция игілігін ел көріп отыр
Ресейдің Самарасы, Батыс Қазақстан облысымен қойы қоралас, ауылы аралас жатқан іргелес өңір. Соңғы жылдары екі арадағы барыс-келіс пен алыс-беріс арта түскен. Мұны шекараны бойлай орналасқан тұрғындардың тұрмыс-тіршілігінен де аңғаруға болады.
 
Большечерниговский, 20 мыңға тарта халқы бар, аграрлы аудан. Мұнда 500-ден астам кәсіп иесі тіркелген. Шаруа қожалықтары егін егіп, мал өсіруді кәсіп етсе, шағын және орта бизнес субъектілері негізінен қызмет көрсету, сауда және құрылыс салаларында еңбектенеді.
 
Әрі бұлар біздегідей мемлекеттің жан-жақты қолдауына ие болып отыр. Шекаралас ауданның Батыс Қазақстан облысымен экономикалық байланыстары тереңде жатар. Бұл қатынастар Кеден одағының құрылуымен жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Алыс-беріс артып, тауар айналымы ұлғайды, дейді аудан басшылығы.
 
Наталья Мильович, Большечерниговский ауданы басшысының орынбасары:
Бүгінде екі арадағы сауда-саттық артып келеді. Аймақта қызмет ететін кәсіпкерлердің 35-40 пайызы қазақстандық кәсіпорындармен тығыз қарым-қатынаста. Әрине, бізде отандық өнімге басымдық берілсе де, жергілікті нарықта оларға бәсеке бәсін бермей отырған қазақстандық өнімдердің мол кездесетінін айта кеткен жөн. Екіжақты табысты қатынастар Кедендік одақтың аясында іске асуда.
 
Әлия Даутова, интеграцияның игілігін көріп отырған кәсіпкер. Міне, бірнеше жылдың жүзі болды Оралдан тауар тасиды. Оның айтуынша, қазақстандық өнім сапалы, сондықтан, сұраныс та жоғары көрінеді.
 
Әлия Дәуітова, кәсіпкер:
Жақсы өтеді. Мысалы, қазақстандық кәмпитті алайық. Сөреде тұрып үлгермейді, тұрғындар талап алады. Бұған қоса кисель, дәмдеуіштер өте сапалы жасалған. Ал Қазақстаннан әкелген шайдың дәмі тіпті бөлек. Сондықтан, тауарды Оралдан «Алтын алма» деген сауда орталығынан тасимыз.
 
Рамхила Магадеева, Большечерниговский ауданының тұрғыны: 
Мен өзім қазақстандық тауарды жиі алатын жанның бірімен. Мұнымен қатар, сіздің тұрғындар да ұнайды. Өте қонақжай. Мұны Оралға барып жүргенде байқадым.
 
Қазақстаннан тауар таситын жалғыз Әлия болмай шықты. Мұны аудан орталығындағы дүкендер мен сауда орындарын аралай жүріп көз жеткіздік. Сөрелерден отандық тауарлардың түр-түрін көруге болады. Әсіресе, Батыс Қазақстан облысындағы «Белес», «Желаев» наубайханаларынан шыққан өнімдерді жиі кездестірдік.
 
Нина Тютерева, сатушы:
Дүкенімізге көбіне қазақстандық лағман мен жайма кеспелерін алдырамыз. Өйткені, мұны көпшілік жақсы көреді. Өнімнің ерекшелігі, тез пісіп, езілмейтіндігінде. Шекара ашылғалы жақсы болды. Қалаған тауарды алып келу оңай.
 
Қазақстан мен Ресейді байланыстырған күре жол да осы Большечерниговский ауданы аумағын кесіп өтеді. Статистика, БҚО-на тасымалданатын тауарлардың тең жартысы Самара бағыты арқылы әкелінетінін көрсетеді. Сондықтан, екіжақты экономикалық байланыстарды нығайтуға әлі де мол мүмкіндіктер бар. 
 
Рауан ДИӘЛИ

 

 

Хабарламаларға жазылу