Алматыда әскери патриоттық тәрбиелеу орталығы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда әскери патриоттық тәрбиелеу орталығы ашылды

07.02.2014
Алматыда әскери патриоттық тәрбиелеу орталығы ашылды
Қазақстандық патриотизмді күшейту - әлемдiк тыныштық пен бейбiтшiлiктi сақтаудың негiзгi бiр тұғыры. Еліміздің   дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуымен экономикалық еркін аймаққа мүше болуға деген ұмтылысы ҚР Қарулы Күштерінің алдына үлкен міндет жүктейді.
 
Елбасының Жолдауына сай Қорғаныс министрлігі өңірлерде патриоттық тәрбие жұмыстарын жүргізуге кірісті. Алғашқысын алып шаһар - Алматыдан бастады.
 
Алматы жастарын патриоттық рухта тәрбиелеп, әскери тәртіпке үйрететін құжатқа қол қойылды. Меморандумға сәйкес енді Қорғаныс министрлігі мен жергілікті билік бірлесіп жұмыс істемек. Бастама ҚР Қарулы Күштерін Отан сүйетін жігерлі жас жауынгерлермен толықтырмақ.
 
Сәкен Жасұзақов, ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары, генерал-полковник:
Патриоттық рухқа мән беру - маңызды бастама. Біз Елбасы тапсырмасына сәйкес қазір отансүйгіштік тәрбиені балабақшадан бастауды қолға алмақпыз. Сондай-ақ, мектептер мен жоғары оқу орындарындағы алғашқы әскери дайындық сабақтарын өткізетін ұстаздардың мәртебесін көтеруді ұсынып отырмыз және оған әскери қызметтегі офицерлерді тартамыз.
 
Жас ұрпақты Отанына, еліне деген сүйіспеншілікке тәрбиелейтін орталық бұл. Мұнда әскери тәртіп. Таңертең ерте тұрып, жауынгерлік міндетіңді атқарасың. Дене шынығуынан бастап, ұрыс қимылдарын үйренесің. Жуырда оқуға ниет білдірген 22-27 жас аралығындағы 90 азамат қабылданды. Соның бірі - Қуат Қасымбай.
 
Қуат Қасымбай, Әскери патриоттық тәрбиелеу орталығының жауынгері:
Бірінші келгенде көп нәрсені білмегендіктен, жаңылдым. Бес күн болды,  осындамыз. Көп нәрсе үйрендік. Мектепті бітірген соң келісімшартпен әскерге дайындалуымызға болады. Бұл бізге үлкен мүмкіндік береді. 
 
Түрлі отбасылық жағдаймен әскерге барып, әскери борышын өтей алмағандар осында келіп жан-жақты дайындықтан өтуге мүмкіндік алды. Жігерін жануға келген елінің нағыз патриоттарына Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сәкен Жасұзақов әскери патриоттық тәрбиелеу орталығының жауынгерлік Туын сеніп тапсырды.
 
Айгүл ЕРМАХАН

Хабарламаларға жазылу