Оңтүстік газ тапшылығын сезініп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оңтүстік газ тапшылығын сезініп отыр

05.02.2014
Оңтүстік газ тапшылығын сезініп отыр
Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары қыстың ортасында көгілдір отын тапшылығын қатты сезініп отыр. Бұған  көрші өзбек елінен келетін табиғи газ мөлшерінің  3 есе азайып кеткені себеп. Соның салдарынан  өңірдегі бірнеше кәсіпорын тоқтап тұр.
 
Қысымы өте төмен газбен пеш жағып үйді жылыту былай тұрсын, амалын тауып тамақ пісірудің өзі мұң болып отыр. Қас қылғандай, түстікте тап осы күндері ауа температурасы күрт төмендеп кеткені белгілі.
 
Ресми дерекке сүйенсек, Шымқалада бүгінде 700 мыңнан астам халық тұрады екен. Бүгін үшінші күн жұрттың басым бөлігі әбігерге түсіп отыр. Әр шаңырақта, суыққа тоңып бүрсең қаққан бала, өлімсіреп жанған көгілдір отынға ас-суын әзірлей алмай әбіржіген ана.
 
Ұлбосын Өтешова, Шымкент қаласының тұрғыны:  
Газдың температурасы төмен. Пеш үйді жылата алмайды. Үйде суып оранып отырмыз. Тамақ та істей алмаймыз.
 
Әділбай Топбеков, Шымкент қаласының тұрғыны:  
Түнде жақты. Бірақ қысым бұрынғыдай емес.
 
Мұның себебін мамандар күннің күрт суытуының салдарынан техникалық ақаудың орын алғандығымен   түсіндіреді. Абырой болғанда, «Бейнеу-Бозой» газ құбырынан, қосымша алынып жатқан екі мың текше метр газ жадағай жағдайдың одан ары шиеленісіп кетпеуіне сеп болып отыр. Тіпті, өңірдегі 74 ірі кәсіпорынның 7-і жұмысын 100 пайыз тоқтатқан. Сала мамандары қысқа мерзімнің ішінде орын алған олқылықты оңдаймыз деп отыр. 
 
Лесбек Серікбаев, облыстық Энергетика және тұрғын-үй шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары:   
Күн суытқан кезде бұндай жағдайлар жиі қайталанып тұратыны рас. Өзбекстан Республикасынан келетін газга шектеу қоюына байланысты тұрғындарға газды берудің барлық мүмкіндіктері қаралады. 
 
Әзірше Шымкенттегі көгілдір отын тапшылығы толық қалыпына келді деп айтуға ертерек. Газбен қамтамасыз ететін мекеменің өкілдері жағдай тұрақтанып келеді деуден жалығар емес. Ал қарапайым жұрт кереметтей өзгерісті байқай алмай отырмыз дейді.
 
 
Нұрлан ӘЛІМБАЕВ

Хабарламаларға жазылу