Шығыс Қазақстан облысы: Аналар мүгедек бала асырап отырғандарды әлеуметтік қызметкер санатына қосса дейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстан облысы: Аналар мүгедек бала асырап отырғандарды әлеуметтік қызметкер санатына қосса дейді

04.02.2014
Шығыс Қазақстан облысы: Аналар мүгедек бала асырап отырғандарды әлеуметтік қызметкер санатына қосса дейді
Үйінде мүгедек бала асырап отырған ата-аналарды әлеуметтік қызметкер санатына қосып, оларға еңбекақы төленсе. Мұндай бастама қаңтар айында Парламент Мәжілісінде көтерілген болатын.
 
Бұл ұсыныс қолында жарымжан бала ұстап отырған семейлік аналарды елеңдетіп отырғанымен, әлеуметтік сала мамандары жеткіншектердің мамандандырылған көмектен қағылатынын алға тартады.
 
13 жастағы Ақеркеге 3 жасында «сал ауруы» деген диагноз қойылған. Содан бері анасының «аяғын басып, жүріп кетер» деген үмітпен апармаған жері жоқ. Бүгінде жеткіншектің өз бетімен арбаға отырып, бастауыш сыныпты үйден тәмамдауы көңілге демеу.
 
«Семей мен Астанадағы оңалту орталықтарында белгіленген ем-дом шараларын жібермегеннің арқасында, бұрынғыға қарағанда денсаулығы түзеліп қалды»,-дейді анасы.
 
Айнұр Байтілеуқызы, қала тұрғыны:
Бұрын Ақеркені байлап отырғызатынбыз. Қазір өз бетімен отыра алады. Екі жақтап қолтықтағанда аяғын баса алады. Бұрын аяғы айқасып кететін.
 
Мемлекеттің беретін 37 мың теңгесі баланың ем-домы мен тамағынан аспайды. Отағасы күзетші болып жұмыс істейді. Ақеркенің бауыры мектеп оқушысы. Айнұр Байтілеуқызының баласын Қытайда емдетсем деген арманы бар. Оған қазір қаржы қолбайлау болып отыр.
 
Арнайы білімі, тәжірибесі бар Айнұр «Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету» орталығында жұмыс істеген. Алайда, қызметтегі қарбалас бала мәселесімен толық айналысуға мойын бұрғызбағандықтан, үйде отыруды жөн санапты.
 
«Жарымжан бала асырап отырған ата-аналарды әлеуметтік қызметкер санатына қосып, оларға еңбекақы төлеу керектігі туралы таяуда Парламент қабырғасынан айтылған ұсыныс заң жүзінде іске асырылса, талай адамның түйткілді мәселесі шешілер еді», дейді Айнұр Байтілеуқызы.
 
Айнұр Байтілеуқызы, қала тұрғыны:
Менің басымдағы жағдай қаншама ананың басында бар екенін көрдім. Саяжайда  тұрып жатқан аналарды көрдім. Баланың жәрдемақысымен ғана отырған жалғызілікті аналарды көрдім. Дариға Назарбаеваның осы мәселені көтергенін естігенде өте қуандым.
 
Гүлзада Ыбырайымова, «Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының» бөлім меңгерушісі:
Біз бұл мәселені құптаймыз. Өйткені, біздің ата-аналарымызға кішкене болса да материалдық қолдау болып есептеледі. Бірақ, естен шығармағанымыз абзал. Біздің әлеуметтік қызметкерлер көрсететін 8 түрлі қызметті ата-аналар өз балаларына дәл сондай қылып көрсете алмайды. Сол жағын ескеру қажет деп ойлаймын.
 
Бүгінде Семейде 400-ден астам бала «Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету» орталығының қызметін пайдаланады. Яғни, осынша ана денсаулығы оңалып кетер деген үмітпен баласына қарайлап отыр.
 
Рысгүл МАДВАСОВА

Хабарламаларға жазылу