Қиындықты еңбекпен жеңген жан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қиындықты еңбекпен жеңген жан

01.02.2014
Қиындықты еңбекпен жеңген жан

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қазір жұмыс істеуге барынша жағдай жасалуда. Тек, олардың қиындықты еңсеруіне күш керек. Өскемендік Айгүл Тұңғатарова өзгерістерден қаймықпайтын жанның бірі. Ол 2 топтағы мүгедек болса да, мемлекет көмегінің арқасында тігін цехын ашқан.
 
 Айгүл Тұңғатарова осыдан 3 жыл бұрын өзінің жеке кәсібін ашуға бел буыпты. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша 3 миллион теңге несие алып, осы тігін цехын ашқан. Қазір мұндағы шеберлер түрлі бұйымдар жасап, шығарып жатыр.
 
Айгүл Тұңғатарова, ІІ топтағы мүгедек:
Бастаған кезде, төсек орын жабдықтарын ғана шығарамын, деп ойлағанмын. Олай емес екен, көрпе сұрады, одан соң жастық, жапқыш, орамал сұрады, сөйтіп кете береді екен.
 
 Ғани Жақсыбаеваның осы жерге келгеніне 2 жылдан асыпты. Ол мылқау болса да, тігін ісінің хас шебері.
 
Ғани Жақсыбаева, тігінші:
Мен осы жерге келгенге дейін жұмыс іздеп, көп қиналдым. Ал қазір, міне өзімнің сүйікті ісіммен айналысып, еңбекақымды алып отырмын. Осында жұмыс істегеніме өте қуаныштымын. Тапсырыстар көп болса, деп тілейміз.
 
 Мұнда өнім сапасына ерекше көңіл бөлінеді. Бұйымдардың барлығы мемлекеттік стандарт бойынша жасалады. Соның арқасында тауарға сұраныс жоғары. Цех иесінің айтуынша, тапсырыс тіпті Ресей мен Украинадан да түсіп жатыр. Бірақ ол жақтарға сатылып жатқан жоқ, себебі өнімнің қаптамасы дұрыс емес. Қажетті құжаттарды ресімдеу әзірге қиынға соғып тұр, дейді Айгүл Тұңғатарова.
 
Айгүл Тұңғатарова, ІІ топтағы мүгедек:
Ана жерге барсаң бір құжат, басқа жерге барсаң тағы құжат керек, дейді. Ал менде тігін цехы жұмыс істеп тұр, тауарды өткізу керек, оның үстіне мынаған жүгіруім керек. Сондай қиыншылықтар бар.
 
 Цех басшысы осы мәселесін Өскемендегі атқарушы билік өкілдеріне де айтып, көмек сұрады. Қала басшысының орынбасары Бұлбұл Рамазанқызы жағдайды жеке бақылауына алып, қолдау көрсетуге уәде берді. «Құжаттарды ресімдеп, тауарды талапқа сай қаптамаға салып сататын болсақ, экспортқа шығарушы едік», дейді тігіншілер. Олардың мақсаты айқын. Мемлекет берген жәрдемақыға ғана телміріп қарап отырмай, еңбек ету, елдің дамуына өзіндік үлестерін қосу.
 
Берік КӨШЕРБАЕВ
 

Хабарламаларға жазылу