Ұшу қауіпсіздігін сақтау – басты міндет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұшу қауіпсіздігін сақтау – басты міндет

29.01.2014
Ұшу қауіпсіздігін сақтау – басты міндет
Былтыр Көкшетаудан Алматыға бет алған «SCAT» әуекомпаниясының «Сhallenger CRJ 200» ұшағының апатқа ұшырағанына бүгін бір жыл толды.
 
Алматы әуежайына 5 шақырым жетпей, Қызылту елді мекеніне құлаған ұшақтың бортында болған 16 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі түгелдей қаза тапты.
 
Апат себептері толық анықталып біткен жоқ. Сол әуе апатынан кейін еліміздегі жолаушы тасымалдайтын әуе компанияларына қойылатын талап күшейді. 
 
Естеріңізде болса, ел Президентінің бұйрығымен 2013 жылдың 31 қаңтары - жалпыұлттық қаралы күн болып жарияланды.
 
Осы трагедиялы күннің бір жылдығына орай «SCAT» әуе компаниясы ұшақ апатқа ұшыраған мекенге мемориалды ескерткіш орнатты. Ұшақ бортында болған жандардың есімдері гранит тақтаға қашалып жазылды.
 
Осы апат еліміздегі өзге де әуе компаниялары үшін ұмытылмас сабақ болды. Енді, жолаушы қауіпсіздігі үшін «Аіr Astana» компаниясындағы әуе лайнерлері еуропалық «EASA Part -145» стандартынан өтті.
 
IATA, IOSA қауіпсіздік аудиттері де отандық әуе компаниялары үшін міндетті сынақ болып қала береді. Ал, мына «Аirbus A 320» әуе кемесі болса, қайта толық тексерілді.
 
Карел Мундел, «Аirbus A 320» экипажының командирі:
Мына «Эйрбас» ұшағы шамамен 7 мың сағатқа жуық әуеде қалықтаған. Әрбір әуе кемесінің ұшу уақыты 3000 сағатқа толғанда қайта жасақталады. Күнделікті күтімнің арқасында ғана ұшақтар сыр бермейді. Сондықтан, қазақтың жас инженер мамандары мен ұшқыштарын лайнерлерді күтіп-баптауға машықтандырып жатырмыз.
 
«Ұшақ - өз қанатымен ұшпайды, адамның ақылымен ұшады», дейтін нақыл бар. Әрине, ұшақты ұшырып-қондыратын ұлттық кадрларды дайындайтын елімізде Азаматтық авиация академиясы бар. Онда тәлімгерлер қолданыстан әлдеқашан шығарылған ТУ-134, ТУ-154 ұшақтарының құрылысын біліп шығады.
 
Ал, әуе компаниялары Еmbraer, Boing, Airbus ұшақтарын меңгерту үшін мамандарды қайта оқытуға мәжбүр. Сондай жас маманның бірі - Зухра Байболатова. 22 жастағы инженер-бақылаушы қыз: «Біз үшін маңыздысы - әуе көлігінің діттеген межесіне дін аман жетуі, - дейді.   
 
Зухра Байболатова, техникалық қызмет көрсету орталығының бақылаушысы:
Кейде жұмыста отырғанда бізге ұшқыштардың өзі тікелей хабарласып: «Мен аспанда осындай биіктікте ұшып бара жатырмын. Менде осындай дефект пайда болды. Не істеймін? Рейсті жалғастырамыз ба, әлде қайтамыз ба?», - дейді. Яғни, жауапты сәт. Қашанда борттағы адамдардың өміріне жауаптымыз. Сондықтан, дұрыс шешім қабылдау біздің мойнымызда. 
 
Ия, сындарлы сәтте сарапталған шешім керек. Әйтпесе, әуе жолы - қателікті кешірмейді. 
 
Дәурен ДАРИЯБЕК

Хабарламаларға жазылу