Ауылға ат ізін салмаған әкім - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауылға ат ізін салмаған әкім

23.01.2014
Ауылға ат ізін салмаған әкім

Елімізде ауыл әкімдерінің сайлауы өткелі алты ай болды. Ал, Павлодар облысы, Ақсу қаласына қарасты Парамоновка ауылының әкімін тұрғындар әлі күнге дейін көрмепті. Бұл елді мекенде шешуін таппаған өзекті мәселелер шаш етектен.

 
Атап айтқанда, жұрт ауызсуға зәру, жолы нашар, көшелерге жарық орнатылмаған. Алты ай бойы ауылға ат ізін салмаған әкім бұл мәселелерді шешуге үлгіре алмай жатырмыз, деп ақталады.
 
Достық, Парамоновка, Пограничник ауылдары былтыр бір округке біріктірілген болатын. Төрт мыңға жуық халық тұрады. Өткен жылдың тамыз айында осында әкім болып сайланған Төлеген Аубакировты кейбір тұрғындар бүгін бірінші рет көрді.
 
Шайзат Оралжан, Парамоновка ауылының тұрғыны:
Біздің ауылға бұрын бір әкім жетпейтін. Сіз 4-5 территорияға жауаптысыз, осыған шаманыз қалай жетіп жүр? Екінші, сіз қайда тұрасыз? Үйіңіз қайда? Тұрағыңыз қай жерде?
 
Үш ауылға бір дәрігер қызмет көрсетеді. Парамоновка көшелерінде жарық жоқ. Бөлімшелермен байланыс қиын.
 
Құсайын Әреддинұлы, Парамоновка ауылының тұрғыны:
Жол қатынасы өте қиын. Жазда батпақ, қыста қар. Соны айтып біз 15 отбасы әкімшілікке хат жаздық. Оған ешкім жауап бермеді. Әлі күнге дейін болмайды әкіміміз, келмейді әкіміміз.
 
Юлия Ахмедова, Парамоновка ауылының тұрғыны:
Біздің әкімімізді Достық ауылында ғана көруге болады. Мен алты ай бойы телефон арқылы хабарласа алмай қойдым. Жиналысқа кетті, қалаға кетті, басқа округке кетті деген жауап естиміз. Еш мәселені шешу мүмкін емес.
 
Ақсу қаласына қарасты Қалқаман және Ақжол ауылдық округтері де біріктірілген болатын. Мұнда да төрт мыңға тарта адам тұрады. Бірақ, жағдай мүлдем бөлек. Көшелерге жарық беріліп, ауызсу үйлерге орталық құбыр арқылы келіп тұр. Бұл алты ай ішінде қол жеткен игілік.
 
Жамбыл Түсіпбеков, Қалқаман ауылының әкімі
Түстен кейін біреуінде болсам, түске дейін екіншісінде деген сияқты. Халық бәрін біледі. Сондықтан халықпен кездесу жағынан бізде проблема жоқ.
 
Парамоновка мен Қалқаманның арасы әрі кетсе 7-8 шақырым. Бірақ әлеуметтік тұрғыдан алшақтық көп. Демек ауылдың көркеюі жергілікті әкімдердің іскерлігіне тікелей байланысты демеске шарамыз жоқ. 
 
Болат АМАНБАЕВ
 

Хабарламаларға жазылу