Еліміздің ірі қалаларында қалыптасқан бизнес түрі - хостел. Бүгінде Астанада 60-тан аса бағасы арзан қонақ үй бар. Алайда, олардың көбісінің стандартқа сай келмейтін тұстары жетеді.
Туристерден гөрі еңбек мигранттарының мекеніне айналған хостелдердің мәселесі туралы тілшіміз Фариза Мұсақызы баяндайды.
Бұл көпқабатты үйде үш бірдей хостел орналасқан. Пәтер иелері «мас күйінде жүретін кісілер көп келеді» деп шағымданып отыр.
Бұған қоса, хостел қонақтары қоқыс тастап, ғимаратты бүлдіріп, тұрғындардың мазасын қашырған. Мәселенің мән-жайын білу үшін хостел иелерімен сөйлесіп көріп едік, нәтиже болмады.
Үй тұрғындары ең алдымен балаларының қауіпсіздігі үшін алаңдайды. «Ең болмағанда, қонақ үйдің бөлек кіреберісі болуы керек», дейді олар.
Өйткені заң бойынша, коммерциялық бағыттағы кез келген ғимараттың апатты жағдайда шығатын қосымша есігі, өрт сөндіру және алғашқы медициналық қызмет жабдықтары болуы тиіс.
Азамат Әміржанов, қалалық Орта сапасы және бақылау басқармасының бөлім басшысы:
Заңнамада хостел деген түсінік мүлдем жоқ. Осыған байланысты заңға өзгертулер енгізіп жатырмыз. Хостел ретінде пайдаланылатын ғимараттардың техникалық паспорты өзгертілсе ғана, қандай да бір шара қолдана аламыз. Ал, егер үйдің жобасы өзгертілмесе, тұрғындар өздігінен сотқа шағымдануы қажет.
Елордада 60-тан астам хостел бар. Олардың 40 шақтысы осындай көпқабатты тұрғын үйлерде орналасқан.
Тәртіп әр жерде әрқалай. Батыстан келген осындай шағын қонақ үйлердің түрі бүгінде бізде де үлкен сұранысқа ие. Бірнеше күнге тоқтағанға арзан әрі ыңғайлы.
Эльмира Сынатас, әкімші:
Қонақтарымыз көп. Хостел - тренд, мода. Сол үшін бәрі таңдап жатыр. Қалталы азаматтар болса да.
Демек, нарық сұранысына сай пайда болған хостелдерді қадағалау жағы әзірге қолға алынбаған. Тиісті заң да, ереже де жоқ.
Сондықтан тәртіпті сақтамаған кәсіпкерлерге тұрғындар тек әкімшілік құқықбұзушылық фактісін келтіріп шағымдана алады.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ
