«Ақылды» техникаға тәуелділік зор - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ақылды» техникаға тәуелділік зор

15.01.2014
«Ақылды» техникаға тәуелділік зор

Жастың да, жасамыстың да бүгінде телефонға тапжылмай қарап отыратынын күнде көреміз. Сандық техникалар арқылы санаулы секундта хат-хабар алдырасың, сөз жоқ, осылай көзді  талдырасың.

 
Тіпті, жол-жөнекей құрылғыға қараймын деп, алдындағы адамды, көлікті көрмей қалатындар бар. Мамандар  осы ақылды құрылғының кесірінен жол-көлік апаттары да жиілей түскенін хабарлап отыр. «Ақылды» құрылғылар қажеттілік пе, әлде, бұл тәуелділік пе?
 
Бибігүл Ғаділбекқызы, тілші:
Бұрын жай ғана қажеттілік еді, қазір тәуелді болып барамыз. Гаджет өмірімізге өте қажет болғанымен, техникаға әсіре тәуелділік басқасын былай қойғанда, уақыттың жауы. Смартфонды  түнде құшақтап ұйықтап, күндіз телміре қарауымыз тек емес. Әлем ғалымдары мұны қоғам дертіне балап отыр.
 
Ояна салысымен  телефонның тетігін түртумен әуре болатынымыз шын. Сауалнамадан өткендердің 89 пайызы ұйқыдан тұра сала смартфон арқылы әлеуметтік желілерге кіріп, жаңалық оқып, ән тыңдағанды қалайды екен.
 
Қалғаны  «ақылды» техниканы тек байланыс құралы санайды. Әлем ғалымдары «ақылды» техникаға деген әсіре қажеттілікті адамның  ішімдікке, тіпті есірткіге тәуелділігіне теңеп қойды.
 
Дана Мәдениетова, студент:
Телефонсыз жүре алмаймын, ол болмаса, ноутбук қолданамын. Күніне 2-3 сағат уақытым кетеді.
 
Сауалнамаға қатысқан мың адамның тең жартысы бір сағаттың ішінде қалта телефонына жоқ дегенде, екі рет үңілетінін, төрттен бірі тірлігін гаджетсіз елестете алмайтынын айтыпты.
 
Дәрігерлер бұл әдет көздің көру қабілетін нашарлатып, «гиподинамия» дертіне шалдықтыратынын дәлелдеген. «Смартфономания» жан саулығына да жақсы емес.
 
Лимана Қойшиева, психолог:
Онда басқа адам болып кіреміз, басқа адам болып сөйлесеміз. Шыққаннан кейін біз басқа адамбыз. Бұл дегеніміз не? Бұл деген ішкі «меніміздің» бірнешеге бөлінуі. Мен ана жақта Айзада болсам, өмірде Гүлнар болуым мүмкін. Ол жақта студент болсам, негізі жұмыс істейтін адам болуым мүмкін. Ол жақта шашым, сары, жирен болса, мына жақта қара болуы мүмкін. Адам «менінің» бұлайша өзгеруі адам психикасына кері әсерін тигізу қауіптілігі бар.
 
Виртуалды байланыс адамдардың шынайы пікір алмасуына кедергі. Тым әуестік адам мінезін өзгертіп қана қоймай, іштей тұйықталуға әкеледі.
 
Журналист Жарқын Түсіпбекұлы «ақылды» телефонға тәуелді екенін білгенімен, кәсібіне көмекші құралды қолынан тастағысы жоқ. Әдет әрі уақытты бос өткізбеу үшін қажет.
 
Жарқын Түсіпбекұлы, журналист: 
Банкте, басқа да қызмет көрсету орталықтарында кезекте тұрғанда немесе әйеліміз дүкен аралағанда күткенде, уақыт өткізуге таптырмас құрал. Жалпы, жүйке жүйеңді тыныштандыратын нәрсе. Екінші жағы да бар. Қоғамдық көлікте жүрген кезде, жаңалықтарды оқып отырып, аялдамадан өтіп кеткен жағдайлар болды.
 
Аялдама ғана емес-ау, гаджет құрылғылары жаныңдағы жақын жандарды да ұмыттырды. Психолог пікірі: «Ақылды» құрылғылар алысты жақындатқанымен, жақыныңды алыстатады», дейтіні содан.
 
Әлем ғалымдары әлгі дертпен әлдақашан күресіп жатыр. Арнайы орталықтар құрылған. Бірақ, тәуелділіктің бұл түрінен құтылар амал табылар емес...
 
Бибігүл ҒАДІЛБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу