Шалғайдағы ауылдарға табиғи газ жеткізілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шалғайдағы ауылдарға табиғи газ жеткізілді

10.01.2014
Шалғайдағы ауылдарға табиғи газ жеткізілді
 
Жамбыл облысында соңғы жылдары ауыл-аймақты газдандыру ісі ерекше қарқын алды. Кешенді жұмыстардың арқасында өңірдегі елді мекендердің үштен бірі бүгінгі таңда көгілдір отынның игілігін көріп отыр. 
 
Күні кешеге дейін қыстық отын үшін алыстан көмір тасып, іргедегі ағашты отап келген Талас ауданындағы бес бірдей ауылдың халқы да Жаңа жылды қуана қарсы алды. Орталықтан жырақ жатқан бұл жерлерге табиғи газ желісі тартылып, жұрт көмір жағып, күл шығарудың қиындығынан құтылды.
 
Көгілдір отын жағып, тұрмысы жайлана түскендердің қатарында Сәт ақсақалдың да шаңырағы бар. Қосағы Февраль апамен бірге қырық жыл шопан болып, несібесін малдан айырған жандар қазір зейнет жасында. Табиғи газдың келуі көпбалалы әрі қонақжай отбасының тірлігін шуақты ете түсті. Үйі жылы, қазаны қайнаулы.
 
Февраль Әлтеева, ауыл тұрғыны:
Мынау газ дегенің жақсы болды бізге, рахат болды. Бұрын тонналап көмір жағатын едік, енді оны қойдық. Газ әсіресе, келіндерімізге жақсы болды.
 
Тап осындай қуанышқа Талаптыдан бөлек, Бостандық, Аққұм, Тамабек және Сейілбек ауылдарының халқы да кенелді. Бес елді мекенде  2 мыңнан астам түтін бар. Ауыл-аймаққа табиғи газдың жеткізілуі экологиялық ахуал мен елдің тұрмыстық жағдайын ғана түзеуге сеп жасаған жоқ. Енді өндіріс пен кәсіпкерліктің де өзегіне қан жүгіртпек.
 
Мұратхан Рысдәулетов, Бостандық ауылдық округінің әкімі:
Ауылдағы жігіттер бизнес-жоспарын жасап, наубайхана, монша соғамыз деп жатыр, газдың келгенін пайдаланып. Әлеуметтік жағдайды көтеруге үлкен сеп болмақ. Ауылымызда кірпіш зауыты бар, жұмыс істейтін. Сол газға көшіп, жұмысын жандандырмақшы.
 
Облыста ауыл-аймақты газдандырудың өңірлік жоспары жасалған. Осыған сай былтыр 12 елді мекенге көгілдір отын жеткізілді. Оған қазынаның 600 миллион теңгедей қаржысы жұмсалды. Бұл тірлік биыл да осындай қарқынмен жалғасады.
 
Нұрбай Тілегенов, Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бас маманы:
Тағы да 17 елді мекенді газдандыру жоспарлануда. Сонда облысымызда барлығы 127 елді мекен газбен қамтылады. Бұл жалпы елді мекендердің 34 пайызын құрайды.
 
Мұнан бөлек биыл тағы 10 ауылдың тұсынан жоғары қысымды газ құбыры тартылады. Бұл жұмысты мұнай және газ министрлігі атқармақшы.
 
Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу