Алқабилер соты Азамат Теңізбаевты толық ақтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алқабилер соты Азамат Теңізбаевты толық ақтады

09.01.2014
Алқабилер соты Азамат Теңізбаевты толық ақтады
Лондонда істі болған қазақстандық таэквондошы Азамат Теңізбаев ақталды. Осы аптада Ұлыбритания астанасында аталған оқиғаға байланысты соңғы сот тыңдауы өткен болатын. Енді жақын күндері Азамат елге оралады. Бапкер Арман Шылмановтың хабарлауынша, жарты жылға созылған істі қараған алқа билер соты таэквандошыдан барлық айыптауларды алып тастаған. Сот шешімі құжаттамалық түрде ресімделіп болғаннан кейін, бірнеше күннен соң ол елге ұшып келеді.
 
Автобус іші. Ұзақ жол. Ұйқысыраған мынау кісі жанындағы қыздың иығына басын сүйеді. Ыңғайсызданған көршісі иығын сілкіді. Анау дереу басын тарта қойды. Мұндайды талай көрдік. Ал енді біздің кейіпкер Азаматта да осы тектес оқиға болды. 11 сағат ұшқан ол қатты шаршаған еді. Бір сәтке көзі ілініп кетеді. Есін жиса ағылшын әйелі айқай-шу көтеріп жатыр екен. Сөйтсе, қолы тізесіне тиіп кетіпті. Түсіндірейін десе тілі жетпейді. Не керек, Лондонға келгенде бортқа полицейлер көтеріліп, Азаматты алып кетеді. Ол тамыз айы болатын.
 
Нұржан Айтмаханов, ҚР Сыртқы істер министрлгінің баспасөз хатшысы:
Лондон қаласының әуежайында Азамат Теңізбаев қасындағы жолаушыға қол жүгіртті деген айыппен ұсталған болатын.
 
Ағылшын тілін білмейтін азаматымыз әуелгіде, алдына әкелген қағаздарға қолын қоя берген. Айтқандарын орындасам, босатар деген дәмемен. Сөйтсе, бар айыпты мойындаймын дегенге қол қойып жіберіпті. Оны кейін білді. Не керек, іске біздің елшілер араласты. Отбасы қорғаушы жалдады. Екі рет сот өтті.
 
Нұржан Айтмаханов, ҚР Сыртқы істер министрлгінің баспасөз хатшысы:
Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігінің қызметкерлері және Теңізбаевтың адвокатының бірлескен жұмыстарының нәтижесінде, сот Теңізбаевты кепілдікпен босатып, кезекті отырысты қаңтар айына белгілеген болатын.
 
Бізге белгілі болғандай, баланың ата-анасы жат жерде адвокат жалдау үшiн тiптi үйiн сатуға мәжбүр болған екен. Айта кетерлігі, Азамат Лондонда уақытты текке өткiзбей, ағылшын мектебiне барып жүріпті. Аяғына арнайы бақыланатын құрылғы байлаулы болған. Не керек, ол күндер артта қалды. Қаңтардың 6-8 күндері сот өтті. Алқабилер соты - Азаматты толық ақтап шықты.
 
Арман Шылманов, таэквондодан мемлекеттік жаттықтырушы:
Кеше соттың отырысы болды. Олар шешім шығарды, бірауыздан  дауыстан Азаматқа көзқарастарының дұрыс екенін білдірді. Көші-қон полициясынан өз құжаттарын алып, басқа да құжаттарын дұрыстап, 3-4 күнде бұйыртса ауылға оралады.
 
Қазір Азамат Теңізбаевтың көші-қон құжаттары түгенделуде. Енді бірер күн, бәлкім бірер сағатта елге ұшып келуі де мүмкін. 
 
 
Нұрбек БЕКБАУ

Хабарламаларға жазылу