Жаңа балабақша қолданысқа берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңа балабақша қолданысқа берілді

08.01.2014
Жаңа балабақша қолданысқа берілді

Жаңа жылда Шығыс Қазақстан облысындағы Аягөз қаласында жаңа балабақша қолданысқа берілді. «Балапан» бағдарламасы аясында ашылған білім нысанында енді 200 аягөздік балғын тәрбиеленетін болады.

 
Өңірде мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің мәселесі жыл санап шешімін тауып келеді. Қала басшылығы 2015 жылы балабақша тапшылығынан толық арыламыз, деп отыр.
 
Елбасының тікелей тапсырмасына сәйкес қолға алынған «Балапан» бағдарламасы Аягөз ауданында жүйелі іске асып келеді. Жаңа жылда қолданысқа берілген жаңа балабақша соның көрінісі. Аягөздіктер үшін бұл үлкен мерекелік сый іспеттес.
 
Әдебия Бақтыоразова, Аягөз қаласының тұрғыны:
Осы балабақшаның жаңа типті болып ашылуына, үлкен алғысымды айтамын. Еліміз аман-жұртымыз тыныш болсын!
 
Балабақша құрлысына облыстық және жергілікті бюджеттен 300 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Жаңа ғимарат барлық талаптарға сай жабдықталып, ойын, жатын бөлмелері мемлекеттік білім стандарттары шеңберінде арнайы тексеруден өткен.
 
Аудан басшылары жоспардағы өзге де білім нысандарын осылайша уақытында тапсырамыз -деп уәде етуде. Бүгінде Аягөз ауданы бойынша балабақша кезегінде тұрған әлі 766 балдырған бар.
 
Нұрбол Нұрғалиев, Aягөз ауданының әкімі:
 «Балапан» бағдарламасының аясында 140 орындық балабақша келесі жылы салынып бітеді. Ол облыстық және аудандық бюджет есібінен. Біз 2015 жылы балаларды балабақшамен толық қамтуға жоспар жасап отырмыз.
 
Жаңа балабақшада балғындар бюджет есебінен 4 мезгіл тегін тамақпен қамтылған. Мектепке дейінгі білім нысанында тәрбиешілерден бөлек логопед, дефектолог және психолог мамандар да бар. Жалпы онда 70 адамға жаңа жұмыс орны пайда болды.
 
Ержан ЖАҚЫП

Хабарламаларға жазылу