Халық саны көбеймей, экономикалық өрлеу жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Халық саны көбеймей, экономикалық өрлеу жоқ

07.01.2014
Халық саны көбеймей, экономикалық өрлеу жоқ
Бесігі мен есігі баладан босамайтын қазақ өз баласын өзекке теппек түгілі, өзгенікін бауырына басатын еді. Бір отбасында кем дегенде он сәби болатын. «Әр баланың өз несібесі бар» деп ұрпағының көптігімен мақтанатын, марқаятын. Қазіргідей екі баламен шектелмей, елінің ертеңін ойлайтын. Алысқа емес, өткен ғасырға көз жүгіртейік. Әр ауылда алтын құрсақты аналар саны жүзден асып жығылатын.
 
Әсем Изатқызы, тілші:
Келешекке көз жүгіртсек, 20 миллионыншы қазақ 2020 жылдары тууы мүмкін. Әзірге бұл біздегі үміт. Өйткені қазірде қазақстандықтардың нақты саны 17 миллион 135 мың адам. Соңғы үш жылдағы туу көрсеткіштеріне зер салсақ.
 
2010 жылы 367942 нәресте, 2011 жылы 372801, 2012 жылы 381005 бала дүниеге келген. Былтыр 9 айда 293296 сәби дүние есігін ашқан.
 
Әсем Изатқызы, тілші:
Байқасаңыз, табиғи өсім көңіл көншітпейді. Дегенмен мемлекет халқының 65,5 пайызын қазақтар құрайды.
 
Әмір жыласа, Әділдің де ұйқысы бұзылады, мазасы кетеді. Бәлкім, бұл егіздерге тән қасиет болар. Бергісі - үлкені. Елімізде дүниеге келген 85 баланың біреуі осылай егіз болып туады екен. Күні кеше дүние есігін ашқан қос ұлдың анасы әзірге жансақтау бөлімінде.
 
Жәмила Сұлтанова, жас ана:
Келешекте Қазақстанның демографиялық ахуалын көтергім келеді. 
 
Жәмиладай жанын шүберекке түйіп, тәуекел ететін, демографиялық дүмпуді аңсайтын аналар аз. 2 баладан артық босанбайды, үш бала тіпті сирек. Айтпақшы, жат жерден Отанына оралам дейтін қандастарымыздың қатары да азайып барады. Қазір бізде небәрі 700 мыңдай оралман бар.  
 
Әзімбай Ғали, демограф:
Соңғы кездері оралмандарды ынталандыру келуін төмендетті, жылына сол 23-24 мың ғана оралман келеді. Табиғи өсім орта деңгейде. Егер де біз демографиялық стратегияны ойласақ бұл өте қауіпті.
 
Рас, қауіп көп. Өйткені кең байтақ жері бар қазақпыз, бірақ азақпыз. Жер көлемі жөнінен жаһанда 9-шы, ал халқының саны бойынша 62-ші орынды аламыз. Бір шаршы шақырымға небәрі 5-6 адамнан келеді.
 
Табиғи өсім жоқ емес, тек баяу, қуантарлығы өлім-жітім азайған. 2008 жылдары бір жасқа толмай шетінейтін балалар саны жеті мыңнан асып жығылатын. Былтыр көрсеткіш бір жарым есеге қысқарып, 4,5 мыңдай сәби бақилы болыпты.
 
Ерболат Мұсабек, Әлеуметтік және демографиялық статистика департаменті директорының орынбасары:
Өлім саны ең көп болған кез 95-96 жылдар. Сол жылдары 167 мыңға дейін жетті. Қазір 140 мың. Оның алдында 142,146 мың болған.
 
Қазақтың саны қара қытай түгілі, 30 миллион халқы бар көрші өзбектен екі еседей кем. 1913 жылдары алты миллион ек. Бір ғасыр өтті. Тек 11 миллионға әупірімдеп жеттік. Қайтпек керек? Халық көбеймей, экономикалық өрлеу жоқ. Бұл анық. Сондықтан жәрдемақы жүйесін жетілдіріп, оралмандарға жағдай жасау керек.
 
 
 
 
Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу