Жеті баланы өз перзенттерінен кем қылмай бағып-қағып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жеті баланы өз перзенттерінен кем қылмай бағып-қағып отыр

06.01.2014
Жеті баланы өз перзенттерінен кем қылмай бағып-қағып отыр
Ақмола облысының Кенесары ауылында тұратын Мұрат Қалыбаевтың отбасы ұлты әр алуан жеті бірдей баланы өз перзенттерінен кем қылмай бағып-қағып отыр.
 
Оларды отағасы Ақкөл ауданындағы балалар үйінен асырап алған болатын. Қазір бір-біріне тетелес жеткіншектер ата-ананың аялы алақанын сезініп, желкілдей өсіп келеді.
 
Мұрат Қалыбаев өз перзенті болмағандықтан, бала асырап алмақшы болады. Алайда, Балуан Шолақтың немересі болып келетін анасы Айбат Құдайбергенқызы алдымен келінім босансын деп мұндай қадамға жол бермейді. 
 
Арада тоғыз жыл өткенде өз шаңырақтарында сәби дүниеге  келеді. Осыдан кейін ғана отағасы бастапқы ойын жүзеге асырмақшы болады. Алайда, қанша бала асырап алуға байланысты, нақты шешімге келе алмайды.
 
Сөйтіп жүргенде қорадағы сиыры жеті саны бар бұзау туыпты. Мұны жақсы ырымға жорып жеті баланы шаңырағына әкелді.
 
Айбат Құдайбергенқызы, Кенесары ауылының тұрғыны:
Бәрінде жақсы көріп кеттім. Балалар оңды. Мына Төлеген өскенде менімен қалам, әжесін асыраймын дейді.
 
Жеті ұл-қыздың ұлттары да әр алуан. Алайда, алған тәлім-тәрбиесіне қарап оларды қазақтың балаларынан айыра алмайсыз.
 
Николай:
Мен Бұқар жыраудың өлеңдерін жақсы көремін. Бөгенбай, Наурызбай, Қабанбай секілді батыр болғым келеді.
 
Болат:
Маған Ыбырай Алтынсариннің өлеңдері ұнайды.
 
Төлеген:
Мен Абай Құнанбаев секілді атақты ақын болғым келеді. Оның өлеңдерін жақсы көремін.
 
Оксана:
Отанды жас, кәріміз де,
Туған жер деп сүйеміз!
Өйткені онда бәріміз де,
Туып, өмір сүреміз!
 
Кішкентай Мариямнан басқа балалар мектепте оқып жатыр. Үлгерімдері жақсы. Тамирлан былтыр екінші сыныпты оқып жүрген кезде ғылыми жоба жазып, аудан бойынша жүлдегер атаныпты.
 
Тамирлан:
Менің жобам кока-кола туралы болды. Ол адамға зиянды. Асқазандары ауырады. Әкем екеуміз кока-колаға етті салып, бір тәулік бақыладық. Таңертең қарасақ, ет еріп кеткен, қалдықтары ғана қалған.
 
Ерболат Төлегенұлы, тілші:
Өз басым Қаражорға биін көп билей қоймаймын. Бірақ, Қалыбаевтар отбасында тәрбиеленіп жатқан мына балалар Қаражорға билегенді жақсы көреді әрі олардың болашақта өссем, болсам деген игі армандары бар. Сол армандарына жетсін деп тілейік.
 
Ероболат ТӨЛЕГЕНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу