Қазақстан құрамасы жазғы Токио олимпиадасында ең кемі 10 медаль алуға мүдделі

15.08.2019

Қазақстан құрамасы 32-ші Жазғы Токио олимпиадасында ең кемі 10 медаль алуға мүдделі. Бұл туралы Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев мәлімдеді. Қазіргі таңда дүбірлі додаға қазақстандықтар спорттың алты түрінен 10 лицензия алған. Комитет Дмитрий Баландин, Елдос Сметов пен Ольга Рыпакованың алтын алатынына үміттеніп отыр. Сондай-ақ брифингте елімізде бұқаралық спортты дамыту төңірегінде әңгіме өрбіді. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, алдағы 3 жылда ел бойынша 100 нысан салынады. Бұл спорттың қолжетімді болуына және халықтың салауатты өмір салтына бет бұруына септігін тигізбек. Ал қазір қазақстандықтардың 30 пайызы, яғни 5,5 миллион адам жүйелі түрде спортпен айналысады екен. Салауатты өмір салтын ұстанатын оқушылар саны 1,8 миллионды құрап отыр.

Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт  министрі:

 Спортқа деген қызығушылықты ерте жастан бастап ояту қажеттігін атап өтеміз. Сондықтан балалар, жасөспірімдер спортына айрықша көңіл бөлінуде. Оның ішінде жастар арасында танымал ойындар – волейбол, баскетбол және мини-футбол сияқты спорт түрлері бар. Дәл осы спорт түрлері бойынша мектеп лигалары шеңберінде түрлі деңгейдегі жарыстар өткізіліп келеді.

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу