Қазақстандық танкшілер Ресейдегі спорттық сайыста алда келеді. Мәскеу қаласының «Алабино» полигонында «Танк биатлонының» жеке жарыс кезеңінде отандық танкшілер 22 минут 16 секунд нәтижесімен бірінші болып мәреге жетті. Танк экипаждарына тек жылдамдықты еңсеру ғана емес, зеңбіректен, зениттік және қосарлы оқшашардан ату дәлдігін көрсету маңызды болды. Сондай-ақ ауыр машинаны басқару шеберлігін сынау үшін бірқатар кедергілерден өтті. Біздің экипаж бұл кезеңдегі сынақтан сүрінбей өтті. Қазақстандық танкистер жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жылдан жылға биатлонның мықты командаларының бірі ретінде өз шеберліктерін шыңдауда. Осымен 5 рет өткізіліп отырған «Танк биатлоны» сайысы үш кезеңнен тұрады. Оған әлемнің 25 елінен спортшылары қатысып жатыр.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ