Еліміздің жас футболшылары Португалияда өткен чемпионатта бірінші орын иеленді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің жас футболшылары Португалияда өткен чемпионатта бірінші орын иеленді

11.07.2019

«Қазақ баласы футбол ойнай алмайды» деген стереотипті жоққа шығару үшін бәрін жасаймыз. Бұл — Португалияда өткен жасөспірімдер арасындағы чемпионатта жеңімпаз атанған «Арлан» командасының президенті Фазылбек Әбсаттарұлының пікірі. Елордалық футболшылар әлемгі әйгілі Бенфика, Атлетико сынды командаларды жеңген.

 

Бұл — «Арлан» командасының Португалияда жеңісін тойлап жүрген сәті. Жарыс барысында біздің жігіттер Бразилия, Франция, Германия сынды ондаған футбол державаларынан келген футболшыларды тізе бүктіріп, «Брага» кубогін қанжығасына байлады. Айта кетейік, кубок үшін 98 команда таласқан.

 

Арлан командасы Фазылбек Әбсаттарұлының жанұясы іспеттес. Ойыншылардың ешқайсысы футбол академиясында оқымаған. Ол — көшеде жүрген өрендердің басын қосып, білдей бір команда жасақтады. Ал Португалияда арландықтарға қарсы тұрған клубтардың бәрі арнайы академияда оқиды. Қызыға әрі қызғана қараған еуропалықтар Қазақстаннан болашақ Роналдо мен Месси шығады дегенге шүбә келтірмейді.  

 

Қазақстан футболының болашағы зор. Оған көзі жеткен Еурпалықтар «Арлан» командасының 7 бірдей ойыншысына академияда тегін оқу ұсынған. Алдағы уақытта көшеде доп теуіп бастаған өрендер кәрі құрлықтың үздік клубтарында атойласа таң қалмаңыз.

 

Жас футболшылардың әке-шешесі балаларымыз төккен теріміздің тәтті жемісі деп қуанып отыр. Айта  кетейік, сапар шығынын ата-аналар өздері көтерген. Ал қит етсе қаржы жетпейді, содан қазақ футболы жеңілістен көз ашпай жүр дегендердің көмейіне бұл мысал қорғасын құйғандай әсер етті.

Ғабит БӨКЕНБАЙ

 

Хабарламаларға жазылу