Арнайы Олимпиада ойындары басталды

14.03.2019

Бүгін Абу-Дабиде Дүниежүзілік жазғы Арнайы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтеді. Мүмкіндігі шектеулі спортшыларға арналған бұл сайысты Таяу Шығыс елдері арасында Біріккен Араб Әмірліктері алғаш боп өткізбекші.

Салтанатты шараға шақырылған құрметті қонақтардың арасында Қазақ Президенті де бар. Және жарыста біздің спортшыларымыз да бақ сынамақшы. Дайындық қалай жүріп жатыр? Абу Дәбиден тілшіміз Шынар Асанқызы байланысқа шығып тұр. Әріптес, сізді тыңдап тұрмыз.

Шынар Асанқызы, тілші:

Кеш жарық! Астана мен Абу дабидің уақыт айырмашылығы екі сағат. Дүниежүзілік жазғы Арнайы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты жергілікті уақытпен кешкі сағат 8-де басталмақшы. Жарысқа Қазақстан 67 спортшысын үкілеп қосып отыр. Олар теннис, боулинг, бадминтон, баскетбол, жеңіл атлетика секілді бірнеше спорт түрінен бақ сынайды.

Оларға сәттілік тілеу үшін Мемлекет басшысының өзі арнайы келіп отыр. Бұл Олимпиада негізінен ақыл-есінде ауытқуы бар жандар арасында өтетінін айта кету керек. Әр екі жыл сайын өткізіліп тұрады.

Қазақстан құрамасы 1991 жылдан бастап 14 Дүниежүзілік Жазғы және Қысқы Арнайы Олимпиада Ойындарына  қатысқан екен. Бүгінге дейін 225 алтын, 221 күміс және 160 қола медальді жеңіп алды. Міне, осыған қарап-ақ, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың да шексіз мүмкіндікке ие екенін байқай беріңіз.

Еліміздегі Спешиал Олимпикс қозғалысы бүгінде 20 мыңнан астам спортшыны қамтып отыр. Олардың арасында балалар үйінің мектеп интернаттардың тәрбиеленушілері де бар. Биылғы олимпиада ойындары  біздің спортшыларымыз үшін үлкен сын болғалы тұр. Өйткені, биыл олимпиадаға қатысушылар өте көп.

190 елден 7 жарым мыңдай спортшы келеді екен. 24 спорт түрі бойынша сайысады. Олардың  ойынын  500 мың көрермен тамашалайды. Біз сәті түсе бүгін спортшыларымызбен сұхбаттасамыз. Және ашылу салтанаты жайлы толық репортажды ертең Ұлттық арнаның жаңалықтарынан назарларыңызға ұсынатын боламыз.

Шынар АСАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу