Спортты жанына серік еткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Спортты жанына серік еткен

21.02.2019

Қостанай облысының Май ауылында ядро лақтырудан Қазақстанның екі мәрте чемпионы тұрады. Данияр Биклеев туа бітті сал ауруына шалдыққан. Алайда, өзінің ерік-жігерінің арқасында ол небәрі 17 жасында осындай үлкен жетістікке жетіп отыр.

Данияр қазір Май орта мектебінің 10-сыныбында оқиды. Әкесінің көмегімен аспалы шеңберге тартылып, екі қолын үш жасынан шынықтыра бастаған. Кейін шаңғы тебуді де меңгеріпті. Ал, ядро лақтыру спортымен шұғылданғанына екі жылдан асты.

Данияр Биклеев, спортшы:

- Мен алғаш рет Лисаков қаласында өткен сайысқа қатыстым. Онда жақсы нәтиже көрсеткен соң, біраз уақыттан кейін Атырау қаласында өтетін республикалық сайысқа жолдама алдым. Сол жылы алғаш рет алтыннан алқа тағып оралдым.

Айтуға оңай болғанмен, әрбір жеңіс төккен термен, тынымсыз жаттығумен келетіні белгілі. Данияр Таяу Шығыс, Еуропа елдерінде өткен жасөспірімдер арасындағы халықаралық жарыстарға да қатысып, жүлдегер атанды. Ал, өткен жылы Өскемен қаласындағы республикалық сайыста екінші мәрте чемпион тұғырына көтерілді.

Алла Лученко, сынып жетекшісі:

- Шынын айтқанда бұл біз күтпеген жағдай болды. Аз уақытта шәкіртіміз осындай үлкен нәтижеге жетеді деп ойламаған едік. Бәріміз де қатты қуандық. Мұның бәрі алдымен өзінің, сосын ата-анасының еңбегі.

Жарты ғасырдан астам тарихы бар Май орта мектебінде қазір 300-ге жуық оқушы білім алып жатыр. Мұнда жеткіншектерді қоғамдық жұмыстарға тартып, спортқа баулуға көп көңіл бөлінеді. Нәтиже де жоқ емес.

Елена Журавлева, мектеп директоры:

- Қазіргі уақытта біздің мектепте волейбол, шаңғы, жеңіл атлетика үйірмелері жұмыс істейді. Осы үйірмелерге қатысып жүрген шәкірттер арасында облыс, республика көлеміндегі жарыстарда топ жарып, жүлде алғандар аз емес.

Данияр мектеп бітірген соң жоғары оқу орнына түсіп, жаттықтырушы маман болып шығуды көздейді. Ал, өмірдегі ең басты арманы – параолимпиада ойындарының жеңімпазы атанып, еліміздің байрағын көкке көтеру.

Дәуренбек ӘБДІБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу