Көкпар туралы жаңа ереже бекітілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкпар туралы жаңа ереже бекітілді

14.02.2019

Бүгін Бүкіләлемдік көкпар қауымдастығының кеңесі өтіп, келелі мәселелер түбегейлі шешілді. Тартыс қазандық пен шеңбер жөнінде болатын.

Қазандық қауіпті. Ат та, адам да мертігіп жатыр. Сондай-ақ, баба салтына жат.

Бекболат Тілеухан, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті:

- Тайқазанға ойнау қазақ пен қырғыздан басқа ешкімде дамымай қойды. Екіншіден, шынында да қиын. Атқа да ауыр. Қаншама жігіттер майып болып, бастары жарылып жатыр. Кісі өлімі деген сияқты мәселе бар.

Жалпы, көкпар тарихында тайқазан атымен жоқ. Әуелде ортаға шапан жайылып, серке соған тасталыпты. Кеңес кезінде сызықтан сәл асырған жеңімпаз атанды. Енді 18 жылдан бері қазандықта ойнайтынды шығарды. Тайқазанды орнату да ақша, соған соғылып мертіккен атты басқасына алмастыру да ақша.

Талқылай келе ұлттық ойынның негізгі ережесінде шеңбер деп шегеленді. EXPO-2017 көрмесі кезінде тұңғыш Әлем чемпионаты өтіп, ойын шеңбер тәртібімен өткен еді.

Сонымен Моңғолия, Тәжікстан, Венгрия шеңберді дұрыс деп шешті. Ал, Өзбекстан серкенің пішінімен жасалған тұлып, яғни муляжбен ойнауды ұсынды. Өйткені көкпарды шартарапқа таныту үшін Еуропаның талабы сол. Олар малды мыжғылағанға қас. Сондай-ақ, ойын 20 минуттан 2 таймға созылмақ. Бұрын 60 минут еді.

Еркин Абзалов, «Кок-бору» федерациясы президентінің орынбасары (ӨЗБЕКСТАН):

- Біз бірнеше қайтара осы сұрақты көтергенбіз. Себебі сүйікті спортымыз әйгілі әрі қолжетімді болуы керек. Заман үдерісіне ілесе білуіміз керек. Бастысы қауіпсіздік. Шабандозға да, астындағы жануарын да қатерден сақтандыру маңызды.

«Аққу, шортан һәм шаян» кейпімен жүргеннен істің алға баспайтынын барлық тарап түсінді. Сөйтіп бүгін көкпар төңірегіндегі тартысқа нүкте қойылды. Яғни, халықаралық немесе әлемдік деңгейде белгіленген тәртіппен додаға түсетін болды. Ал, өз елінде көкпарды қалай тартамыз десе, өз еріктері.

Нысаналы ЫҒЫЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу