Қанат Ислам: «Astana arlans» кубогының мақсаты - қазақтың жігіттеріне кәсіпқой боксқа жол ашу - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қанат Ислам: «Astana arlans» кубогының мақсаты - қазақтың жігіттеріне кәсіпқой боксқа жол ашу

13.12.2018
Қанат Ислам: «Astana arlans» кубогының мақсаты - қазақтың жігіттеріне кәсіпқой боксқа жол ашу

Бүгін Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан» телерадиокорпорациясының ұйымдастыруымен «Astana arlans» кубогының көрсетіліміне байланысты брифинг өтті.

Шараға «Qazsport»  телеарнасының директоры Павел Цыбулин, қазақстандық боксшылар, Олимпиада чемпиондары Бақтияр Артаев пен Қанат Ислам қатысты.  

«Qazsport» телеарнасының директоры Павел Цыбулин «Qazsport»  арнасының қазақстандық спортшыларды үнемі  қолдап келетініне тоқталды.

«Қанат Ислам, Геннадий Головкин, Фируза Шарипова, Бейбіт Шүменов және басқа да мықты боксшыларымыздың қатысуымен өтетін  жекпе-жектерді, сондай-ақ, еліміздегі республикалық және халықаралық деңгейдегі турнирларды тұрақты түрде арнадан көрсетіп келеміз. Міне, 16 желтоқсанда болатын «Astana Arlans» кубогы да еліміздің жас спортшылары мен майталмандарын жинайтын тамаша спорт кеші болайын деп тұр. «Astana Arlans» кубогын 16 желтоқсан күні 23:00-де «Qazsport»  арнасы  көре аласыздар»,-деді.

Айта кетейік, 16 желтоқсан күні Астана қаласындағы «Дәулет» спорт кешенінде кәсіпқой бокс кеші өтеді. «QAZAQ promotions» промоутерлік компаниясының ұйымдастыруымен өтетін турнирде Айдар Шарыбаев, Асхат Уалиханов, Абылайхан Құсайынов, Елшат Нығыметоллаұлы және Руслан Мырсатаев шаршы алаңға.

Брифинг барысында сөз алған Қанат Ислам «Astana Arlans» турнирі барысында кәсіпқой бокс кешінің негізгі мақсатына тоқталды.

«Мұндағы мақсат - Қазақстанда кәсіпқой боксты дамыту. Америка елдерінде кәсіпқой бокс жақсы дамыған, ал бізде әуесқойда ел біріншілігіне екі жүздей бала қатысады. Оның жиырма шақтысы құрамаға ілігеді, біреуі ғана Олимпиадаға барады. Ал қалғаны бос. Чемпионатқа қатыспағандары қаншама. Бізде әр облыста бес-алты мың бала боксқа барады ғой. Ең бастысы, қазақтың жігіттеріне кәсіпқой боксқа жол ашу»,-деді.

Бақтияр Артаев: «Біздің қазақ жігіттерінің арасында ішінде тасыған күш-жігері, арманы қалып кеткендері қаншама. Арнайы сол жігіттердің арманын орындау үшін осы әуесқой бокс кешін ұйымдастырып жатырмыз. Әртүрлі салмақ дәрежесінде шаршы алаңға шығып жатыр. Сондай-ақ, жасы 60-тан асқан екі ағамыз өзінің кішкене арманын жүзеге асыру үшін бақ сынауда. Екеуі де алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жетті».

Жеңімпаздар «Турнирдің ең мықты боксшысы», «Astana» президенттік кәсіби спорт клубының  арнайы сыйлығы мен кубогы, «Жеңіске деген ерік үшін» - «Astana Arlans» кубогы, «Көрермендер көзайымы» - «Astana Arlans» кубогы номинациялары бойынша марапатталады.

«Astana arlans» кубогының жеңімпаздарын еліміздің  танымал спортшылары, Олимпиада чемпиондары : Бақтияр Артаев, Серік Сәпиев, Қанат Ислам, Данияр Елеусінов, Болат Жұмаділов, Мерей Ақшалов,  Қанат Әбутәліпов марапаттайтын болады.

Хабарламаларға жазылу