Азиада-2018: Тоғызыншы орын тоқырау ма? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Азиада-2018: Тоғызыншы орын тоқырау ма?

03.09.2018

Тоғызыншы орын бұл тоқырау ма? Бұл сұрақты Жазғы Азия ойындарынан кейін әрбір қазақстандық өзіне қойып жүргені анық. Индонезияның Джакарта мен Палембанг шаһарларында өткен бәсекеге Қазақ елі атынан 440 спортшы қатысты. Олар 25 олимпиадалық спорт түрінен сайысқа түсіп, құрама қоржынына 15 алтын, 17 күміс, 44 қола салды. Алтын алады деп үміт еткен боксшылар мен ауыр атлеттеріміз сәтсіз өнер көрсетті.

Сары құрлықтың басты ойындары аяқталды. Қазақстан құрамасы Индонезияда өткен бәсекеде жалпыкомандалық есепте 9-шы орыннан тұрақ тапты. Үздік үштікті Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея бастап тұр. Біреулер тоғызыншы орынның өзі мансап десе, екіншілер 9-шы орын қазақ спортының тоқырауы деген пікірде.

Ел спортшылары тұңғыш қатысқан Хиросима ойындарында біздің құрама 27 алтын алып, айды аспанға шығарған еді. Төрт жылдан соң 24 алтын иемденіп, бесінші орынға тұрақтаған. Пусан және Доха ойындарында 4-ші орыннан табылса, 2010 жылы бесінші орынды місе тұтқан. Ал, 4 жыл бұрын ел спортшылары Азиада тарихындағы ең үздік көрсеткішке қол жеткізді. Корей түбегінен спортшыларымыз 28 алтын арқалап қайтқан еді. Бұл жолы жеңісті жол жалғанады деп үміттенген едік.

Енді, жеңімпаздарымызды бір шолып өтсек. Велошабандоз Алексей Луценко қос алтынды мойнына тағынды. Ол жекелей және топтық жарыста алдында жан салмады. Каноэ мен ескекпен есушілер жарысында да біздің спортшылар ерлеп, екі алтын алды. Джиу-джитсу шеберлері Дархан Нортаев пен Руслан Исраилов қарсылас шақ келтірмесе, самбошылар Бағлан Ибрагим мен Ділдаш Кұрышбаева тұғыр биігінен табылды. Ал, гимнаст арулар командалық және жеке жарыста оза шауып, қос алтынды қанжығаға байлады. 

Каратэші Гузалия Гафурова, дзюдошы Дидар Хамза, үш қарғып секіру шебері Ольга Рыпакова, семсерлесуші Дмитрий Алексанин көк Туды көкке көтеріп, Әнұранымызды шырқатты.

«Алтын алса, осы боксшыларымыз алады» деген сенімге селкеу түсті. Үкілеп апарған 10 боксшының ішінен Асланбек Шымбергенов пен Әбілхан Аманқұл финалға жетті. Алайда, екеуі де өзбек боксшыларына жол беріп, күмісті қанағат етті.

Қазақстан қоржынына 15-ші алтынды су добынан Қазақстан ерлер құрамасы салды. Финалда ватерполшыларымыз азулы қарсылас Жапонияны 8:7 есебімен тізе бүктірді. Су добының шеберлері 2010 жылдан бері үшінші рет қатарынан Азия ойындарда жеңімпаз атанып отыр.

Елсияр Қанағатов, ҚР ҰОК Спорт дирекциясының басшысы:

- Көп спортшылар ватерполшыларымыздан үлгі алулары керек.

Елсияр Қанағатовтың бұл сөзі боксшыларымызға бағытталғандай. «Төреші бағын байлады ма, әлде спортшыларымыздың бабы келісбеді ме?», - деген сан сауал заңды. Не десек те соңғы нәтиже мынадай. Өзбек боксшылары жеті салмақтың жетеуінде де финалға шықты. Бесеуі алтын алды. Қалған екеуі Моңғол мен Үнді спортшыларына жол беріп, күміс иемденген.

Ғабит БӨКЕНБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.               

Хабарламаларға жазылу