Азиада-2018: Қазақстан медаль саны бойынша 9-орынға тұрақтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Азиада-2018: Қазақстан медаль саны бойынша 9-орынға тұрақтады

03.09.2018

Қазақ спортшылары үшін биылғы жылдың басты додасы саналған Джакарта мен Палембанг тізе қосып өткізген Жазғы Азия ойындары да тарих қойнауына енді. 16 күн бойы сары құрлық назарын өзінде аударған сында Қазақстан құрама командасы 15 алтын, 17 күміс және 44 қола жүлдемен жалпы саны 76 медальмен 9 орында аяқтады. Қол жеткізген нәтиже осы болды.

Төрт жыл бұрын Азия ойындарында алты алтын алған қазақ боксшыларына бұл жолы алтын бұйырмай, екі күміске қанағат етті. Әйелдер боксында бірде-бір аруымыз жүлдеге ілінбеді. 69 және 75келі салмақ дәрежелерінде бақ сынаған Асланбек Шымбергенов пен Әбілхан Аманқұл ғана жеңіс тұғырынан көрінді.

Жеңіл атлеттерімізге де бұйырғаны бір алтын. Оның өзінде Ұлттық құрама үздігі Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова еншісінде. Үш қарғып секіруде 14 метр 26 сантиметрді бағындырған ол Азия ойындарының үш дүркін жеңімпазы атанды.

Ольга Рыпакова, жеңіл атлетикадан Азия ойындарының чемпионы:

- Өте қиын болды. Жеңіс оңай келген жоқ. Жарыс барысында түзетулер енгіздік. Дегенмен де ел намысы сынға түсіп жатқан шақта аянып қалмадым. Жеңісімді барша қазақстандықтарға арнаймын. Қолдау көрсеткендеріңіз үшін сіздерге алғысым шексіз.

Қазақ дзюдошылары да Джакарта татамиінен 1 алтын, 1 күміс және 3 қола жүлде теріп алды.  Сенім артқан  Елдос Сметов жарақатына байланысты жүлдесіз қалды. Қазақстан қоржынына соңғы 15 алтынды су добынан Қазақстан ерлер құрамасы салды. Финалда жапониялық қарсыластарына 5:2 есебімен ұтылып жатып, ойын соңына дейін табандылық танытқан жерлестеріміз 8:7 нәтижесімен жеңісті жұлып кетті.

Рустам Үкіманов, су добынан Азия ойындарының чемпионы:

- Біз Индонезияға тек алтын медаль үшін келгенімізді дәлелдедік. Дегенмен де кездесулер өте қиын болды. Әсіресе, жартылай финалдық ойын. Ал, жапониялықтармен болған мачта басында абыржып қалдық. Кезең сайын жинақылық танытып, шиеленісті жағдайда жеңісті жұлып алдық. Бізге қолдау көрсеткен барша қазақстандықтарға алғысым шексіз.

Қазақстан құрамасы осымен алтыншы мәрте Азия ойындарының чемпионы атанып отыр. Оның ішінде үш мәрте қатарынан жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Енді төрт жылдан кейін Азия ойындарын Қытайдың Ханджу қаласы қабылдайды. 

Телжан КҮДЕРОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.               

 

Хабарламаларға жазылу