Фируза Шарипова испаниялық Мириам Гутьерреспен кездеседі
Қазақстандық боксшы Фируза Шарипова бұған дейін еш жеңілмеген испаниялық Мириам Гутьерреспен кездеседі. WBO чемпиондық атағы үшін жекпе-жек қыркүйектің 8-і Санкт-Петербургте өтеді. Гутьерресті кәсіпқой бокс рингінде ешкім жеңе алмаған. Сондықтан, отандасымыз бұл жекпе-жекке мықтап дайындалып жатыр. Кездесу алдында Фируза елге келіп, жақындарының қолдауына арқа сүйеуді жөн көрген. Сондай-ақ, спортшы өзінің бұған дейінгі жекпе-жектері, боксқа келу себебі жайлы баяндайтын деректі фильмінің тұсауын кесті.
Егер Фируза Шарипова бұл жекпе-жекті жеңіспен аяқтаса, үш бірдей салмақтағы Әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақстандық болмақ. Бұған дейін ол 61,2 және 59 келі салмақтары бойынша WBO атағын алған еді. Фирузаның өзі де, бапкері де испаниялық қарсыласты жеңуге барын салатынын айтты. Айта кетсек, Фирузаның соңғы жекпе-жегі өткен жылы желтоқсанның 30-ы болған. Бельгиялық Джемиллу Гонтарюкпен жұдырықтасқан қазақстандық боксшы ол жолы WBC Silver және IBO атақтарын жеңіп алған еді.
Фируза Шарипова, кәсіпқой боксшы:
- Рингке тек жеңіс үшін шығамын. Алға қойған мақсатым – еш жеңілмеген қазақстандық боксшы болу. Ал, испаниялық қарсыласыма келетін болсам, ол бүйірден көп соққы жасайды. Бельгиялық Джемилла Гонтарюкке қарағанда жылдамырақ. Гонтарюкпен салыстырсам, мықтылау қарсылас. Өйткені, Гонтарюкке қимыл жетіспеді, ол үнемі бір орында тұрды. Ал, Испания боксшысының бойы да ұзынырақ, салмағы да ауырлау. Бірақ, мен өзіме және өз командама сенемін.
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы