Футболдан Әлем чемпионаты басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Футболдан Әлем чемпионаты басталды

15.06.2018

Мәскеу қаласында футболдан Әлем чемпионаты салтанатты түрде ашылды. Шараға мәртебелі меймандармен бірге Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та қатысты. Жарты сағатқа созылған ресми рәсім аяқталған соң, жаһан біріншілігінің алғашқы ойыны өтті. Бұл кездесуде Ресей спортшылары Сауд Арабия құрамасын ірі есеппен жеңді.

Әлем чемпионатының ашылу рәсімі әйгілі «Лужники» стадионында өтті. 81 мың адамға арналған арена жанкүйерге лық толды. Жиналған жұрттың алдында белгілі шетелдік және ресейлік әншілер өнер көрсетті. Салтанатты шараға бірқатар елдердің президенттерімен бірге Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысты.  

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:

- Бұл керемет спорттық шара Ресейде тұңғыш рет өтіп жатыр. Біз оған өте қуаныштымыз. Ресейде футбол қалың бұқара айналысатын спорттың түрі. Бұл чемпионатты өткізу үшін біз оған асқан жауапкершілікпен дайындалдық. Футбол жанкүйерлері мен спортшылар үлкен мерекені сезінсін деп, қолдан келгеннің барлығын жасадық.

Жарты сағатқа созылған салтанатынан соң Әлем чемпионатының алғашқы ойыны өтті. Алаңға Ресей мен Сауд Арабиясының спортшылары шықты. Есеп 5-0. Ресейлік құрама қарсыласын ойсырата ұтты.

Илья, ресейлік жанкүйер:

- Бұл бір керемет мереке болды. Ресей дәл осылай жеңеді деп кім ойлаған. Біздің құрама бүкіл елге үлкен сый жасады. Енді келесі кездесуде де осылай ойнаса екен.

Мұхаммед Захрани, саударабиялық жанкүйер:

 - Біздің құрамының ойынын көріп, көңіліміз түсіп тұр. Бірақ, бастысы, осынау әлемдік үлкен шараға біз қатыстық. Оның өзі де көңілге медеу.

Әлем чемпионаты Ресейдің 11 қаласында қатар өтіп жатыр. Сондықтан, енді күн сайын 2-3 матчтан тамашалауға болады.

Нұртас Солтанұлы, тілші:

- Мәскеу қаласы әлемдік футболдың астанасына айналды. Бұл жерге жер-жаһанның түкпір-түкпірінен футбол фанаттары келген. Олар тіліне, түріне байланысты бөлініп жатқан жоқ, бар айырмашылығы, жақтасатын командалары әртүрлі.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу