Әлемнің 4 дүркін чемпионы Илья Ильин үлкен спортқа қайта оралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемнің 4 дүркін чемпионы Илья Ильин үлкен спортқа қайта оралды

11.06.2018

Халықаралық ауыр атлетика федерациясының спортшыны сайыстардан шектету мерзімі маусымның 10 күні аяқталды. 

Осыған орай Илья Ильин Астанада журналистерді жинап, баспасөз мәслихатын өткізді. Ауыратлет қиын кезеңде оған қолдау көрсеткендерге алғысын айтып, болашақ жоспарларымен бөлісті.

Атышулы допинг дауы қазақ халқы үшін ауыр болды. Үміт артып, сеніммен қараған Ильядай ұлдың қатардан шығуы қазақ спортына үлкен соққы болып тиді. Десе де түрлі сыннан сүрінбей өткен саңлақтың бұл жолы да сағы сынбады. Керісінше, халық қолдауының арқасында еңсесін тіктеп, жаттығуын үзбеді. Өзіндік рекордтарын да жаңартты.

Илья Ильин, әлемнің  төрт дүркін чемпионы:

- Бүгін Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа, өзімнің рухани әкеме рахмет айтқым келеді. Өте күрделі кезеңде, өткен жылы біз «ЭКСПО»-да кездестік. Ол мені өзіне тартып, «Еш уайымдама. Сен мен үшін чемпионсың. Бәрі ойдағыдай болады. Мен саған сенемін», деп қолдау білдірді. Міне, осы сөзі мені қанаттандырды. Әлбетте, маған қолдау білдірген барлық адамдарға зор алғысымды білдіремін.

Илья бұл күнді көп күтті. Болашаққа жоспары ауқымды. Токио Олимпиадасына лицензия алу үшін барын салатынын айтты. Ол үшін республикалық сайыстарды бағындырып, Әлем чемпионатына жолдама ұтып алуы қажет. Бұл межені де еңсеріп, көрсеткіштері талапқа сай болса 2022 жылғы Олимпиадада бақ сынауы әбден мүмкін. Ал, әзірге Илья қыркүйекте өтетін Қазақстан чемпионатына қызу дайындық үстінде.

Илья Ильин, әлемнің  төрт дүркін чемпионы:

- Менің қазіргі салмағым 101-103 келі шамасында. Енді бір айдан кейін нақты қандай салмақта шығатыным белгілі болады. 100 келі деп ойлаймын. Өткен жұмада жұлқып көтеруде 172,  ал, серпе көтеруде 212-ні бағындырдым. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Жаттықтырушым риза. Әрине, кей кездері аяққа зақым келіп жатады. Бірақ, мен оны тез қалпына келтіремін. Қазіргі жағдайыма келетін болсақ, 90 пайыз өте жақсымын деп айта аламын. Әрі қарай одан да жақсы болады. Сеніңіздер.

Сүрінсе де жығылмаған, күңіренсе де қажымаған қара нардай азаматтық қажыры мен қайраты бұрынғыдан да тасып тұрғандай. Илья Ильин жаңа күшпен жаңа жеңістерге дайын екенін мәлмдеді. Ел сенімін ақтаймын деп отыр. Атағын ел де сақтап қалатынына ол үмітті.

Бақытжан ОМАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу