Александр Колядин: Бапкерлер менен алтын болмаса да, бір жүлде күткен еді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Александр Колядин: Бапкерлер менен алтын болмаса да, бір жүлде күткен еді

14.03.2018

Корея Республикасында өтіп жатқан паралимпиадалық ойыннан қазақстандық Александр Колядин алтын медаль ұтып алды. Ол 1,5 мың метрлік қашықтықта алдына жан салмай, мәре сызығын бірінші болып кесті.

Бұл - Қысқы Олимпиада ойындары тарихында жерлесіміз жеңіп алған алғашқы алтын медаль. 

XII Қысқы Паралимпиаданың алтын медалі міне осындай. Оны парашаңғы жарысында өнер көрсеткен жерлесіміз Александр Колядин иеленді. Сөйтіп, қостанайлық спортшы еліміз үшін Ақ Параойындардың тұңғыш алтын жүлдесін жеңіп алды. Бұған дейін Қазақстан құрамасының қоржынынында сонау 1994 жылы Лиллехамерде шаңғышы Любовь Воробьеваның еншілеген жалғыз күміс медалі ғана болған еді.    

Бұл күні Александр Колядинді ешкім тоқтата алмайтынын, іріктеу бәсекелерінен кейін-ақ сезе бастадық. 45 жастағы шаңғышы алдымен іріктеу сынында үздік уақыт көрсетіп, жартылай финалда да мәреге бірінші болып келді. Бірақ, финалдық сайыс басталғанда біраз уайымға баттық. Өйткені, Колядин жарыс жолына алты адамның арасынан бесінші болып қана шықты. Ереже бойынша, дене зақымдары күрделілеу спортшыларға басымдық беріледі. Сондықтан, алғашқы төрт атлет қалған екеуінен біраз ұзап кете барды. Алайда, Колядин 1,5 мың шақырым қашықтықтың ортан беліне қарай бір қарсыласын басып озып, топ басындағы үштіктің ізіне түсті. Ал, мәреге 100 метрдей қалғанда қарсыластарын қуып жетіп қана қоймай, сызықты жеке дара өзі бірінші болып кесті. Сөйтіп, сәрсенбінің сәтінде елімізге алтын медаль жеңіп алды.

Александр Колядин, XII Қысқы Паралимпиада ойындарының жеңімпазы:

- Бапкерлер менен алтын болмаса да, бір жүлде күткен еді. Мен бас жүлдені алып бердім. Бұл - менің өмірімдегі ең басты жеңісім. Шаңғымның табанын жақсылап тұрып майлап берген сервисмендерге алғыс айтамын. Бұл медальді еліме, туған-туысқандарыма арнаймын. 

Күміс медальға қол жеткізген жапон спортшысы Колядиннен 1 секундтай уақытқа қалып қойды. Ал, үшінші орынның иегері фотофиниш арқылы анықталды. Канада мен Финляндияның спортшылары бірдей уақыт көрсеткендіктен, қола жүлделер екі бірдей атлетке берілді.

 

Тұрлыжан ӘЙТЕНОВ

Хабарламаларға жазылу