Оралда «Қансонар-2018» республикалық турнирі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда «Қансонар-2018» республикалық турнирі өтті

26.02.2018

Оралда құсбегілер арасында республикалық «Қансонар-2018» турнирі өтті. Еліміздің 10 өңірінен жиналған құсбегілер екі күн бойы қырандарының қырағылығын сынады. Атадан мирас болған ұлттық өнерді тамашалауға көрші елдерден де арнайы келгендер болды.

Шыңылтыр аязға қарамастан, қырандарын көкте қалықтатқан құсбегілердің өнерін тамашалауға Жайық жұрты көп жиналды. Сайыстың бірінші күні, саятшылар ат үстінде бүркітті қолға шақырып, құс төресінің иесімен байланысын байқатты.

Әбдікәрім Құрмағалиұлы, бас төреші:

- Кейде балаң айтқаныңды тыңдамай қояды. Бұл да сол сияқты. Қас-қабағыңа қарайды, жағдайыңа қарайды. Ең бастысы, қарым-қатынас. Мысалы, жаңа бір бүркіт бармай қалды, екіншісі тура барды. Бәрі еңбекке байланысты.

Аңшылықтың қызығы, қыранның шүйілгені. Жарыс ережісіне сай, шыжым бауға байлаған шырғаны тырнағымен илеп, топ жарған бүркіт қана қоянға салынады. Бұл сайыста, Бабажан Бағдәулеттің қанжығасы майланып, қолбаласы өзгелерге дес бермеді.

Бақдәулет Бабажан, құсбегі (Жамбыл облысы):

- Орал жеріне алып келдік, дайындап-баптап. Құсымыз қазір ережелерді жақсы орындап жатыр. Өте жоғары. Жалпы, құсбегілік өнер әкеден балаға қалатын өнер ғой. Әкеміз ұстанған.

Жарысқа қатысып жатқан құстардың жас ерекшелігі әртүрлі. Қанаты енді қатайғандармен қатар, талай додаларда топ жарып жүргендері де бар. Мәселен, мына құстың аты -  Байрақ. Жасы 1-де. Бұл оның алғашқы байқауы.

Виктор Веденеев, құсбегі (Ресей):

- Құсбегілер тойын көру үшін Самара облысынан арнайы келдім. Өзім де қаршыға, сұңқар баптап, кейін оны үйрек, шілге саламын. Саятшылық өнер қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрі. Сондықтан, мұндағы құсбегілермен тәжірибе алмасу мен үшін маңызды.

«Батыста ұлттық спорттың бұл түріне қызығушылық соңғы уақытта күрт төмендеп, құсбегілер қатары сиреді. Сондықтан, қыраннан қырағылықты, тұлпардан тектілікті үйренген қазақ үшін ендігі парыз - ақсүйек өнерді қайта жандандырып, кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдыру», - дейді ұйымдастырушылар.  

 

Назерке ТОҚЖАН

Хабарламаларға жазылу