8 жасар Мұса Түркімбаев рекорд жаңартты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

8 жасар Мұса Түркімбаев рекорд жаңартты

02.02.2018

8 жасар ақтөбелік Мұса Түркімбаев стрит воркаут спортынан ел рекордын орнатты. Жеткіншек 42 рет турникке тартылып, 1600 мәрте кеудені жерден көтере алады. Мұсаның ендігі арманы - жаттығуды күшейтіп, әлемдік рекордты жаңарту.

Мұса 3 жасынан бастап спортпен шұғылданады. Үнемі турникке тартылып, түрлі жаттығулар жасайды. Сабақтан бос уақытында спортзалдан шықпайды. Дамылсыз жаттығудың нәтижесінде воркаут спортынан 8 жасында Қазақстан рекордын орнатты.

Мұса Түркімбаев, рекордшы:

- Мен турникке тартылудан Қазақстан рекордын орнаттым. Әлемдік рекорд - 35. Сабақтан келген соң, асымды ішіп, бір сағат планшет қараймын. Ал, қалған уақытымды жаттығуға арнаймын. 

Тек бұғанасы қатпаған балаға спорттың бұл түрімен кәсіби тұрғыда айналысуға болмайды. Сондықтан, әкесі бар уақытын ұлына арнап, қазір арнайы жаттығу залына апарып жүр. Болашақта дзюдоға қатыстырмақ.

Асхат Түркімбаев , әкесі:

- Қазақстанның Гиннес рекордтар кітабына енді. Үйде жаттығып жүріп, телефонға түсірдік. Оны Алматыға жібердік. Кәсіпқой спортшылар үздік деп бағалап, рекорд орнатты деген сертификат берді. Ендігі арман - ресми түрде әлемдік рекорд қою. 

Стрит воркаутпен айналысатын балалар арасындағы әлемдік рекорд Украинада орнатылған. Ал, қазақстандық спортшы келер жылы Ақтөбеде өтетін жарыста украиналық бәсекелісін басып озбақ.

Райгүл ЕНШІБАЙ

Хабарламаларға жазылу