«KEGOС» АҚ  қызметкерлері арасындағы спартакиадаға 300-ден аса адам қатысуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«KEGOС» АҚ  қызметкерлері арасындағы спартакиадаға 300-ден аса адам қатысуда

24.11.2017

Қарағандыдағы «Жастар» спорттық кешенінде «KEGOС» акционерлік қоғамы қызметкерлерінің арасында спартакиада өз жалауын көтерді. Жарыс Тәуелсіздік күні қарсаңында және алпауыт энергетикалық компанияның 20 жылдық мерейтойына  орай арнайы ұйымдастырылып отыр. Спорттық шараға елдің түкпір-түкпіріндегі филиалдардан командалар келіп қатысуда.

Жарыстың ашылу салтанатында компания басшылары, Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров, 2004 жылғы Афиныда өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Дмитрий Карпов сынды құрметті қонақтар өз тілектерін білдірді. Энергетиктер арасындағы спартакиада екі күнге созылады. Турнирге «KEGOС» акционерлік қоғамының атқарушы басшылығы, жүйелік оператордың Ұлттық диспетчерлік орталығы, 9 өңірлік бөлімдердің және «Энергоинформ» АҚ еншілес компаниясының қызметкерлерінен құралған 12 команда қатысуда. Спортшылар шағын футбол, волейбол, үстел теннисі, армрестлинг және шахматтан сайысқа түсетін болады.

Қалдыбек Әсембек, «KEGOС» АҚ Алматы филиалы командасының капитаны:

- Осындай жарыстар біздің компания жұмысшыларының бірлігін арттырып, ұжымдық рухын көтереді. Осы жарысқа 12 команда қатысып жатыр. Қатысушылардың барлығына жарыста сәттілік тілеймін.

Жарысқа компанияның барлығы 300-ден астам қызметкер қатысуда. «KEGOС» басшылығының пікірінше, осындай сайыстарды жиі өткізу филиалдар арасындағы байланысты дамытуға, тәжірибе алмасуға өз септігін тигізеді. Айта кету керек, спартакиада биыл 10-шы рет ұйымдастырылып отыр.

Болатбек Омаров, «KEGOK» АҚ аппарат жетекшісі:

-Компанияда спортқа өте маңызды көңіл бөлінеді. Өйткені, ол тек қана спорттық емес, өзіміздің кәсіби жетістіктерімізге өте маңызды деп санаймын.

- Бұл спорттық шара «KEGOC»-тың әлеуметтік саясатының басым бағыттарын іске асыруға, сонымен қатар, ұжымда салауатты өмір салты мен корпоративтік қарым-қатынасты қалыптастыруға септігін тигізеді деп күтілуде.  Сондай-ақ, үздік шыққан спортшылар мен командалар «Самұрық-Қазына» АҚ портфельдік компаниялары арасында өтетін спартакиадаға жолдама алып, «KEGOC» АҚ намысын қорғайтын болады.         

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ        

Хабарламаларға жазылу